Бүгін Қызылордада «Білім берудің инновациялық стратегиясы – мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы» деген тақырыппен облыс педагогтарының тамыз кеңесі өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен өңірлік білім беру жүйесінің даму көрсеткіштері мен жетістіктері көрмеге қойылды. Көрменің негізгі мәні – инновациялық технологиялардың жалпы білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие үдерісін дамытудағы ықпалын көрсету.
Дәстүрлі жиынға облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Әлібаев, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Амандық Төлешов, облыстық мәслихат депутаттары, ардагерлер, меценаттар, аудан әкімдері мен орынбасарлары, ата-аналар, сала қызметкерлері қатысты.
Тамыз кеңесі мектеп пен отбасы, ата-ана мен мұғалім, ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынас шеңберінен шығып, қоғамдық, мемлекеттік мәселелер қозғалатын алаңға айналды. Білім беру саласындағы мәселе қанша рет талқыланса да, мағынасы жойылмақ емес. Жиылған жұрт өткен оқу жылын қорытындылаумен бірге аймақтағы білім саласының дамуы жөніндегі тың ойлары мен жаңа көзқарастарын ортаға салды.
Қызылорда облысында білім саласына бөлінетін қаражат жыл өткен сайын өсіп келеді. Мәселен, өткен жылы 56,1 млрд. теңге қаралса, биыл 62,5 млрд. теңге бөлініп отыр. Өңірде «Балапан» бағдарламасы 87 пайызға орындалып отыр. Келер жылдың соңында балабақша кезегін күткен бүлдіршін болмайды.
Үш жасқа дейін балаларға арналған бөбекжай топтарын ашу жұмыстары да жүргізілуде.
– Аймағымызда 25 апатты жағдайда тұрған мектеп бар. Соның 11-інің құрылысы қайта салынып жатыр. Ал қалған 14-інің құрылысы келер жылы басталады. Осылайша келер жылдың соңында апатты жағдайдағы білім ошақтарының мәселесін түбегейлі шешеміз, - деді облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Әлібаев.
Қазіргі таңда облыстағы 49 білім ошағы күрделі жөндеуден өтуде. Айта кетейік, бұрын-соңды бір мезетте мұншама мектеп жөнделген емес. Сондай-ақ, 2015 жылы бастауыш сынып оқушылары толықтай ыстық тамақпен қамтылады. Мұғалімдердің мәртебесін көтеру бағытында да қыруар шаруа атқарылып жатыр. Биыл облыстық бюджеттің өзінен педагогтардың білімін жетілдіруге 85 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Басқосу соңында қажырлы қызмет етіп, өз істерімен көпке үлгі болып жүрген ұлағатты ұстаздар марапатталды. Сондай-ақ, облыс әкімі тағайындаған грант сертификаттары табысталды.