Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай режимін алып тастамайды. Бұл туралы жұма күнгі брифингте ұйымның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус айтты, деп хабарлайды
ҚазАқпарат.
«Мен осыдан үш ай бұрын төтенше жағдай жөніндегі комитеттің отырысын өткізіп, олардың нұсқауын алдым. Содан кейін жаһандық төтенше жағдай режимін жарияладық. Бұл – ДДСҰ үшін қауіптің ең жоғары деңгейі», - деді Т. Гебрейесус.
Бейсенбіде ұйымның төтенше жағдай жөніндегі комитеті қайта жиналып, пандемияның даму барысына баға берді.
«Әрине, әзірге пандемия денсаулық сақтау саласындағы халықаралық маңызы зор төтенше жағдай болып қала береді», - деп атап өтті Тедрос Адханом Гебрейесус.
Оның айтуынша, халықаралық медицина-санитарлық ережелерге сәйкес, төтенше жағдай комитетінің отырысы 90 күннен кейін немесе қажет болған жағдайда одан ертерек қайта өтуі мүмкін.