Синоптиктер 2020 жылдың мамыр айына ауа райы болжамын жария етті, деп хабарлайды
ҚазАқпарт «Қазгидромет» РМК-ның мәліметтеріне сүйене отырып.
Мәліметтерге қарағанда, мамыр айында Қазақстанның солтүстік жартысында ауа температурасы климаттық норма шамасында, оңтүстік жартысында нормадан 1°С жоғары болады. Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын қалыпты нормада, елдің оңтүстік-батысының жартысында – нормадан аз, еліміздің оңтүстік-шығыс бөлігінің таулы және тау бөктері аймақтарында нормадан көп болады деп болжанып отыр.
Мамыр айының бірінші жартысында Қазақстанның оңтүстік бөлігінде, ал айдың соңына қарай солтүстік бөлігінде үсік жүру тоқтайды. Осы жылдың мамыр айында түнгі уақытта еліміздің солтүстік-шығыс өңірі мен оңтүстік-шығысының таулы аймақтарында және тау бөктерінде ауа температурасы төмендеп, тіпті үсік жүруі мүмкін.
Айдың басында ауа райына Орталық Азия аймағынан келетін жылы ауа массалары ықпал ететін болады. Алайда фронталды бөліктердің өтуіне байланысты республиканың кей жерлерінде найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауып, еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймағының кей жерлерінде күші 15-25 м/с жылдамдықпен жел соғып, жаңбыр және бұршақ жаууы мүмкін.
ҚР басым бөлігінде ауа температурасы күндіз +18+25°С, солтүстік-батыстың кей жерлерінде +15°С, оңтүстік-батыста және оңтүстікте +25+30°С құрайды. 2020 жылдың 3-5 мамыр аралығында Карск теңізі аймағынан суық антициклонның кіруімен және фронталды бөліктердің өршуімен еліміздің солтүстік-шығысында жаңбар жауып, арты қарға ұласады. Желдің екпіні 15-20 м/с. Ауа температурасы Қазақстанның солтүстігінде, шығысында және орталығында түнде -3+5°С дейін, күндіз +7+12°С дейін артады; оңтүстік-шығысында түнде +2+10°С дейін, күндіз +15+23°С дейін жылиды.
Еліміздің оңтүстік-батыс жартысында Иран аймағынан жылы ауа массаларының келуімен ауа температурасы +25+33°C дейін жоғарылайды.
Бірінші онкүндіктің екінші жартысында жылу елдің оңтүстік-батыс бөлігінен республиканың қалған аймақтарына ығысып, ел территориясының басым бөлігінде жауын-шашын тоқтайды және температура жоғарылайды.
Сондай-ақ екінші және үшінші онкүндіктерде ауа райы құбылмалы болады: екпінді жел соғып, найзағай ойнап, жаңбыр жауады, бұршақ түсуі мүмкін. Кезекті суық лептің ықпалымен ауа температурасы төмендейді:
- Солтүстік, шығыс және орталық аймақтарында түнде -3+5°C дейін, күндіз +10+15°C дейін;
- ҚР батыс және оңтүстік батыс жартысында түнде +5+13°C дейін, күндіз +13+21°C күтіледі. Алайда, екінші және үшінші онкүндіктерде жылы күндер көп болады:
- республиканың солтүстік жартысында күндіз ауа +20+28°C дейін;
- оңтүстікте +25+33°C дейін жылиды.
Айта кетейік, мамыр айына арналған консультативтік болжам синоптикалық жағдайдың өзгеруіне сай түзетіліп, онкүндік болжамдармен нақтыланатын болады.