« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев бейнеконференция форматында өткен Жоғары евразиялық экономикалық кеңестің мәжілісінде көптеген елдердің қоғамдық және экономикалық өміріне қиыншылық әкелген COVID-19 пандемиясына байланысты әлемде күрделі жағдай қалыптасып отырғанын атап айтқан еді. Сонымен қатар, Президент еліміздегі пандемиямен күреске, экономиканы қолдауға және мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асырылуы туралы баяндады.
Қазақстанда 1 млн 300 мыңға жуық шағын және орта бизнес субьектілері бар. Бұл кәсіпорындарда 3,5 млн адам еңбек етеді. Экономикамыздың тірегі боп саналатын шағын бизнес індет тудырған қиыншылықтарға байланысты енгізілген карантиннен кейін жұмысшыларын демалысқа жіберді. Оларға үкімет тарапынан қолдау көрсетілуде. Салық салудың жалпы тәртібінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жыл аяғына дейін жеке табыс салығын төлемейді. Жалақысы мен табысынан айрылғандарға 42500 теңгеден төленеді. Тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедектерге азық-түлік пакеті үлестіріліп берілуде.
Бұның бәрі уақытша қиыншылықтар екені рас.
Тарихта адамзат пандемиядан туындаған ауыр дағдарыстар мен орны толмас қиыншылықтарды талай басынан кешіргені ақиқат. 1817 жылы Үндістан елінің Ганг өзенінің алқабынан басталған холера пандемиясы жүз мыңдаған адамның өмірін жалмады. Үндістандағы ыстық ауа-райы, Ганг өзеніне жергілікті тұрғындардың толассыз суға шомылуы мен тазалықтың сақталмауы осындай орны толмас қайғыға алып келді. Кейін індеттің ошақтары Африка, Оңтүстік Америкада, Оңтүстік - Шығыс Азия елдеріне де тарады. Азия індеті арасына бірнеше жыл уақыт салып, жеті рет толқыны қайталанды. Бірақ азия індеті европа елдеріне енген жоқ.
Тура бір ғасырдан кейін, дүниежүзіне «Испан тұмауы» тарап, әлемнің 550 млн (сол кездегі халықтың 30 пайызы) халқына жұғып, 100 млн астам адам құрбан болды. Испан тұмауы алғаш рет 1918 жылы АҚШ - та тіркелді. Испан тұмауы деп аталған себебі европа елдерінің арасынан Испан мемлекеті бірінші болып індетті пандемия деп атады. Сол кезеңде 1 – дүниежүзілік соғыс болып жатқандықтан, оны тоқтатпау үшін басқа елдер пандемияны мойындаудан бас тартып еді. 18 айға созылған індеттің зардабы өте ауыр болып, жалпы әлем халқының демографиялық өсімін тежеді.
Қазақ халқыда қаншама зұлматтар мен індеттерді басынан кешіргенін білеміз. Егемен Қазақстан газетінде М.Сұлтанның «Қазақ алты ғасыр бұрын карантин жайлы не жазды?» - деген мақаласында «Ғұлама шипагер Өтебойдақ Тілеуқабылұлының (1388-1478 ж.ж) «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиясында жұқпалы аурулар туралы сөз болған. Жәнібек ханның тапсырмасымен жазылып, өсімдіктен алынатын 728 түрлі, металдан түзілетін 318 түрлі шипалы қасиеті бар дәрілердің атауы, 500-ге тарта анатомиялық атаулар келтірілген еңбек XV ғасырдан бүгінге жеткен жәдігер, қазақ медицинасының түп кітабы саналады» - деп ой қорытады. Мақаладан көріп тұрғанымыздай орта ғасырдың өзінде қазақ қоғамында жұқпалы дерттен қатты сақтанғаны байқалады. Қазақ елі көшпелі қауым болып өмір сүргендіктен, жер көлемінің кең болуы, тұрғындардың тығыз орналаспауы көп жағдайда жұқпалы індеттен сақтап отырды.
Қазіргі короновирус пандемиясының кесірінен әлемде адам шығыны ғана емес, экономикалық дағдарыста басталуда. Citigroup банк компаниясының бас экономисі Кэтрин Ман короновирус індеті әлемдік экономикаға 5 триллион доллардан астам шығын келтіреді деген болжам жасады. Morgan Stanley банкінің сарапшылары болса, дамыған елдерде ІЖӨ көрсеткіші дағдарысқа дейінгі деңгейіне 2021 жылдың үшінші тоқсанында ғана жететінін айтты. Халықаралық валюта қорының сарапшылары биыл экономика 3 пайызға құлдырайды деп болжап отыр. Халықаралық валюта қорының бас экономисі Гита Гопинат «Денсаулық сақтау саласы бұл дағдарысты жеңген күнде ғана әлемдік экономика қалпына келетінін» атап көрсетті.
Әлемді жайлаған короновирус пандемиясынан соң өмірге жаңаша көзқарасты қалыптастыратын елеулі өзгерістер болуы мүмкін. Израйлдік тарихшы «Адамзаттың қысқаша тарихы», «Болашақтың қысқаша тарихы» кітаптарының авторы Ю.Харари «Бұл біздің ұрпақ үшін ең үлкен дағдарыс болуы мүмкін. Алдағы уақытта билік пен адамдар қабылдаған шешімдер адамзаттың болашағы мен әлемді өзгертеді. Тек денсаулық сақтау жүйесін ғана емес, экономикаға, саясатқа және мәдениетке де өзгерістер әкелмек, біз мүлдем басқа әлемде өмір сүреміз» - деп Financial Times басылымында жазды. Оның пікірінше «дағдарыс кезеңінде адамзаттың алдында екі маңызды таңдау тұр. Біріншісі, жеке адамның үстінен бақылау жасау мен азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, екіншісі ұлттық оқшаулануды енгізу мен жаһандық ынтымақтастықты орнату» - деп қорытады.
Белгілі экономист Ж.Құлекеев «Айқын» газетіне берген «Адам өмірін таразы басына салып ойнауға болмайды» атты сұхбатында қоғамда елеулі өзгерістер болатын атап көрсетті. Оның пікірінше, Отаным елім деген ұғымға көзқарас өзгереді, себебі қысылтаяң кезеңде көмек беретін Отаны екенін халық сезінді дейді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау жүйесінде, ақпараттық цифрлы технологияда, білім беру саласында үлкен өзгерістер болатынын айтты.
ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары М.Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында індеттен кейінгі ахуал туралы пікірімен бөлісті. Онда «Жаһанданудың қазіргі моделі мен халықаралық экономикалық институттардың жүйесі жаңа трендтерге сай келмейтінін, қабілетсіз екенін көрсетті. Дамудың алдағы стратегиясын таңдау көптеген елдер үшін күн тәртібінде тұрған ұлттық мәселеге айналды» - деп жазды. Сондай-ақ М.Әшімбаев дағдарыстан қандай сабақ алуымыз керектігін де түсіндірді.
ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетов Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстанның танымал IT - сарапшылары мен отандық білім беру жүйесі өкілдерінің қатысуымен өткен онлайн конференцияда «Білім беру жүйесі өзгереді, басқа жол жоқ. Мазмұнына да өзгерістер енгізу қажет» - деп айтқан еді.
Шынында да отандық білім беру жүйесі үлкен өзгерістер алдында тұр. Қазақстанда әлемнің 167 елі сияқты, COVID-19 - дың таралуына байланысты қысқа мерзімде қашықтықтан оқыту форматына көшті. Карантин кезінде мектептер, колледждер, ЖОО - лар, мекемелер онлайн жүйесіне енді. Осылай жұмыс жасауға да болатынын өмір дәлелдеді. Сондықтан виртуалды оқуға, офиске ауысу тиімді, көп шығынды қажет етпейді. Кейбір теориялық дәрісті онлайн жүйесінде, практикалық сабақтарды бетпе-бет өткізуге болады.
Жаһандану процесі баяулап, мемлекеттер барынша оқшаулануға күш салады. Ақпаратты-цифрлы технология қарқынды дамып, электронды сауда айналымы артады. Арнайы мамандарға бармай-ақ, бағдарлама арқылы жүзеге асыруға болатын онлайн қызметтер саны көбейеді.
Болашақта мамандықтар үлкен өзгерістерге ұшырап, кейбір мамандықтар қоғам үшін керексіз болып қалуы да мүмкін. Карантиннен кейін медицина қызметкерлері мен мұғалімдердің мәртебесі өсетіні белгілі.
Azattyq Ruhy тілшісі қандай мамандыққа сұраныстың артқанын HeadHunter өкілдерінен білді. Зерттеу бойынша программистер, интернет дүкен сатушылары, SMM-мамандары, интернет-маркетологтер, HR-менеджері, жеке курьерлер, техникалық қолдау, жылжымайтын мүлік агентері т.б. сұраныс жоғары.
Пандемиядан кейін туризм саласы, тойхана, ойын сауық орталықтары, әуе компаниялары, офистер, полиграфия, сауда орындары, күзет мекемелерінің жұмыстары бәсеңдеуі мүмкін.
Еліміздегі індет жағдайында қалыптасқан қазіргі экономикалық дағдарыстың өткінші екенін түсінуіміз керек. Қазақ елі небір қиын қыстау замандарды басынан кешірді. Бұл сынақтанда аман-есен шығып, жақсы жағынан өзгереміз деген сенім бар.
Сәкен Серікбаев,
тарих ғылымдарының кандидаты
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |