Шарын ұлттық паркінде табиғатта сирек кездесетін альбинос қарақұйрық видеоға түсірілді, - деп хабарлайды
Қазақпарат тілшісі.
«Біздің Шарын ұлттық паркіндегі инспекторлары телефонның камерасына альбинос қарақұйрықты түсіріп алды. Түсі аппақ түз тағысы – біз үшін үлкен сый. Себебі қарақұйрықтың ақ түсті түрі табиғатта жиі кездесе бермейді. Альбиностарға тіршілік ету қиын болса да бұл қарақұйрық аман қалар деп үміттенеміз», - деп жазды Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында.
Қарақұйрық Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Үшінші санаттағы түз тағысы. Яғни аңның сирек кездесетін түріне жатады. Бөкен тұқымдас тармағы мен қарақұйрық тұқымының еліміздегі жалғыз түрі.
«Жануарлар әлемінде тері мен жүні, көзі табиғи сипаттан тыс түске ие аңдарды альбиностар деп атайды. Алайда табиғи ортада оларға тіршілік ету өте қиынға түсетінін көп адам біле бермейді. Сирек кездесетін түске ие аңдар көп жағдайда үйірінен шеттеліп қалады да, оларға көбею үшін жұп, тіршілік үшін азық табу қиынға айналады. Мұндай ғажайып – тумысынан меланиннің, яғни тері, жүні мен көзінің түсіне жауапты пигменттің жоқтығынан тұқым деңгейіндегі мутацияға байланысты болады», - деп жазады Сәкен Ділдахмет.
Альбинизм тұқымы әлсіз білінетін сипатқа ие. Яғни мұндай тұқымға жұптың екеуі де жатса ғана төл «аппақ» түсте дүниеге келеді. Ал егер мутацияланған тұқым жұптың біреуінде ғана болса төл кәдімгі түспен туады. Альбинос – өте сирек кездесетін табиғи құбылыс. Себебі дәл осындай тұқымды аңдардың кездесу ықтималдығы 1/20 мыңға тең.