Қызылорда облысы Арал ауданы құтқару бөлімшесінің мамандары кезекшілік қызметінде жол-көлік оқиғасына ұшыраған бір отбасындағы бес адамды құтқарып қалды. Аталған оқиға 28 сәуірде таңғы уақытта орын алған. Сол сәтте Арал ауданының құтқару бөлімшесінің басшысы Елдос Жиеналиев пен құтқару бөлімшесінің медбикесі Әсия Базарбаева Аралқұм елді мекенінен аудан орталығына қызметтік кезекшілігін атқаруға бара жатқан болатын.
Жолда олар ауа райының қолайсыздығы салдарынан «Hyundai Santa Fe» маркалы автокөлігінің аударылып қалғанын байқайды. Кейіннен белгілі болғанындай, жеңіл көлік үш мәрте аударылған. Құтқарушылар дереу оларға қол ұшын созуға кірісті.
«Көлік ішіндегі азаматтар Ақтөбе облысының тұрады. Отбасы мүшелері Шымкент қаласынан ем алып, тұрғылықты жеріне қайтып келе жатқан беті екен. Қайтар жолға отбасы мүшелері такси қызметін жалдайды. Құтқарушылар көмегімен көлік ішіндегі ерлі-зайыптылар және үш бірдей бала қауіпсіз жерге шығарылды. Оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Отбасы мүшелері аудандық ауруханаға жеткізілді. Жол-көлік оқиғасынан әйел адам түрлі деңгейдегі дене жарақат алған. Оған аудандық ауруханада ота жасалды. Оның күйеуі балаларының бірінің қолына қатты зақым келуіне байланысты үш баласымен Ақтөбе қаласына жол тартты», - деп мәлім етті облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.