Барлық қиындықты бірге еңсереміз

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздегі коронавирус инфекциясының жағдайы мен жаңа карантиндік шаралар туралы 27 сәуірдегі Үндеуі – жаһандық коронавирус қаупі екпін алу үстінде халқымызға дем беретін, әрбір қазақстандық үшін маңызы мен мәні айрықша арнау сөз.
      Әлем жұртшылығымен бірге еркіндіктен еріксіз шектеліп, тіршілік тынысын бір сәт саябырлатып, елеңдеп отырған осы бір қысылтаяң шақта Ел Президентінің Үндеуі жігерімізге қуат, көңілімізге шуақ бергендей болды десек артық айтқандығымыз емес. Ол коронавирус індетінің барысы мен келешек дамуының жай-жапсарына қатысты  байыпты  ойларын кезекті рет ортаға салып, барлық қазақстандықтарды Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан және жоспарланған жүйелі шаралар кешенімен таныстырды.
Расында індет өз шыңынан өткен өңірлер саны күннен күнге артып келеді. Үкіметтің іс-қимылы да нақты жағдайларға  байланысты өрбуде.  Бұл тұрғыда азаматтардың өмірі, денсаулығы және табыс көздерін сақтау, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету-басты міндеттер болып отыр.
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия карантин режимін кезең-кезеңмен жұмсартуға бейіл. Бірінші кезеке қойылғандар қатарында – экономиканың нақты секторының кәсіпорындары, банк саласы, әуе қатынасы, халыққа қызмет көрсету орталықтары тұр.  Ендігі міндет – іс-қимыл барысында карантин шараларын бұлжытпай орындау болмақ.  Өйткені,  ең қымбат қазынамыз – отандастарымыздың өмірі. Бұны Мемлекет басшысы өз сөзінде бірнеше рет қадап айтты.
       Көктемнің бір күні – жылға азық. Осыны ескеріп, аграрлық салаға қыруар қаржы бағытталған. Сөз жоқ бұл ауыл еңбеккерлеріне деген үлкен қолдау. Көктемгі егіс жұмыстарына, тұқым шаруашылығын дамытуға,  егістіктің өнімділігін арттыру және оның зиянкестерімен күресуге   200 млрд теңге бөлінуі осының көрінісі.
Үндеудің өнебойынан халқымызға деген ерекше қамқорлық сезіледі. Назар аударатын мәселе: ағымдағы айда 4 миллионнан астам табысынан айрылған азаматқа 42500 теңге төленсе, келесі  айда да бұл үрдіс жалғасын таппақ. Тарыққан отбасылардың  азық-түлік топтамаларын алуы жалғаса береді.
Біз үшін ең маңызды мәселенің бірі – ол білім беру ұйымдарында қашықтықтан оқыту форматының сақталуы. Аталған форматқа еліміздің жоғары оқу орындарының алдыңғы легінде көшкен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқу үдерісі Платонус ақпараттық жүйесінде чат дәрістер негізінде ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, ZOOM, Google Classroom.com, Moodle, Telegram, Скайп электронды көздерінде онлайн дәрістер, чат-сабақтар өтуде. Оқытушылар дайындаған бейнедәрістер Ютуб желісіне, университеттің ресми сайтына, ақпараттық ресурстарға  салынған.
Қашықтықтан білім беру жағдайында университет сайтының Call орталығына келіп түскен барлық сұрақтарға  дер кезінде жауап берілуде. Өз тарапымнан күнделікті жағдайдан үнемі хабардар болып отыру үшін төтенше жағдай орын алған күннен бастап қашықтықтан білім алып жүрген университет жастары мен ұстаздарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, шешу мақсатында олармен  бейнебайланысқа жүйелі шығудамын. Оқытушылар мен білім алушылар да бір-бірімен онлайн режимде тығыз әрі белсенді байланыста.  
    Алмағайып кезеңде ҚР Білім және ғылым министрлігі білім беру жүйесінің барлық деңгейіндегі білім алушыларға да үлкен қолдау көрсетіп, олардың сапалы білім алуын жалғастыруы үшін барлық жағдайларды жасауда. Министрлік тарапынан аптасына 3-4 рет өткізіліп отырған бейне мәжілістер, вебинарлардағы әдістемелік көмектер, IT-мамандарының кеңестері, еліміздің жоғары оқу орындары тәжірибелерінен онлайн семинарлар өзінің оң нәтижелерін беріп келеді.
Елімізде қауіпті індеттің әр қарай таралмауы өзімізге тікелей байланысты десек, осынау сындарлы кезеңде отандастарымыз патриотизмнің нағыз үлгісін көрсетті. Біз барлық қиындықты бірге еңсереміз. Біз бұл кезеңнен санамыз жаңарып, ізгілік пен жақсылықтың қадірін біліп, жаңа сапада шығамыз.  Біз біргеміз!

Бейбіткүл КАРИМОВА,
Қорқыт  Ата атындағы ҚМУ ректоры
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 сәуір 2020 г. 422 0