Қазақстанда мәдени, бұқаралық және спорттық шаралардың өтпей қалуынан үнемделген қаржы республикалық бюджетке қайтарылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Карантин шараларына байланысты үнемделген қаражат туралы айтар болсақ, бұған дейін айтқанымдай жоспарланған мәдени және спорттық шаралар болмай қалғанын білесіздер. Тіпті бүкіл әлем бойынша ірі спорттық шара саналатын Жазғы Олимпиада ойындары, Параолимпиада ойындары да болмайтын болды. Әлем чемпионаттары да жоспарлы мерзімінде өтпей қалды. Қазіргі таңда біздің спортшылар үйде жаттығуда», - деді Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.
Министр елде мәдени бұқаралық шаралардың бәрі де онлайн режимге ауыстырылғанын жеткізді.
«Шынында да белгілі сома үнемделіп қалды. Яғни қаражат оңтайландырылып, республикалық бюджетке берілді», - деді Ақтоты Райымқұлова.