Жуықта он адамды өрттен құтқарған қазақ жігітіне Оңтүстік Корея билігі арнайы виза береді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін Кореяның Әділет министрлігінің өкілдері жуырда өрт шыққан тұрғын үйден он шақты адамды құтқарып алған біздің Әлимен кездесті. Кездесу барысында отандасымыздың сол елде тұру мәртебесіне өзгеріс енгізу процедурасы талқыланды. Әли тиісті өтінімді берген еді. Корея тарапы оның құжаттарының бәрін қарап, Әлиге арнайы виза беру туралы шешім қабылдады», - деп хабарлайды ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
ҚР Сыртқы істер министрлігі ресми өкілінің хабарлауынша, Әлиге алдағы уақытта тұрақты тұратындай мәртебе беру мәселесі де талқыланады. Оңтүстік Корея билігі берген мұндай артықшылықты Әли пайдалана ма, жоқ па – өзі шешеді.
«Сонымен қатар корейлік LG Welfare Foundation қоры Әлиді арнайы LG Personnel Award сыйлығымен марапаттауды ұсынды. Ол сыйлық басқа адамдарды құтқарып қалған батыл жандарға беріледі», - дейді Айбек Смадияров.