Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп коронавирус жұқтырғаны анықталған бұрынғы вице-министр Камалжан Надыровқа қатысты пікір білдіріп, қазір онымен байланыста болғандар анықталып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. «Эпидемиологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, онымен (К. Надыров – ред.) байланыста болғандар анықталып жатыр. Ведомство басшысы Елжан Біртанов пен Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев коронавирусты анықтайтын тест тапсырады. Камалжан Надыров қызмет бабымен Алматыда болды. Соңғы аптада ол Алматыдағы дәрігерлермен, вирус ошағына айналған Орталық қалалық клиникалық аурухана қызметкерлерімен кездесті. Сондай-ақ ол Тілеухан Әбілдаевпен (Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы – ред.) де кездесті», - дейді ол.
Министрліктің ресми өкілі Камалжан Надыровтың ведомствода жүріп коронавирус жұқтырғанын жоққа шығарды. Оның айтуынша, 30 наурыздан бастап 90%-ға жуық министрлік қызметкері қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Жұмысқа ведомство басшысы Елжан Біртанов пен тағы бірнеше адам ғана шығып жүр.
«Жұмыста тек министр мен тағы бірнеше адам ғана бар. Бірақ олардың барлығы жеке кабинетінде оқшауланады. Бірақ, соған қарамастан министр мен жұмыста жүргендердің барлығы тест тапсырады. Нәтижесі белгілі болғанда, оны сіздерге қосымша хабарлаймыз», - деді Диас Ахметшәріп.
Министрлік өкілі коронавирус жұқтырған Камалжан Надыровтың қазіргі жағдайы туралы баяндады.
«Қазір ол инфекциялық ауруханада жатыр. Жағдайы қанағаттанарлық, ауруы жеңіл өтіп жатыр. 2-3 аптадан кейін жазылып, жұмысына қайта кіріседі деп сенеміз. Байланыста болғандар анықталады. Камалжан Талғатұлы кіммен байланыста болғанын, кіммен кездескенін өз айтып береді», - деді ол.