2020 жылдың 1-тоқсанында сыбайлас жемқорлығы үшін 417 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Агенттіктің шығынды қалпына келтіру жұмыстарын да ерекше атап өткен орынды. 1-тоқсанның қорытындысында біз анықталған шығынның 97 пайызын немесе 21,7 млрд теңгені өтеттік. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 7 есе көп», - деді Нұрлан Жақсымбетов.
Оның атап өтуінше, жемқорлық үшін жазаға тартылған тұлғалар саны 9 пайызға артты. Олардың әрбір төртіншісі мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік ұйымдардың бірінші басшылары болып отыр.
«Толықтай алғанда, қылмыстық жауапкершілікке 417 тұлға, оның ішінде республикалық деңгейдегі - 11, облыстық деңгейдегі -37, қалалық және аудандық деңгейдегі 35 басшы тартылды», - деді департамент басшысы.
Нұрлан Жақсымбетовтің дерегінше, орталық мемлекеттік органдар арасында жемқорлық қылмысы үшін жазаға тартылғандардың 57 пайызы - Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері. Мұнан бөлек, Экология, Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Индустрия министрліктерінің де бірнеше қызметкері жемқорлық қылмысы үшін ұсталған. Ал жергілікті атқарушы органдар арасында осы жылдың 1-тоқсанында ШҚО, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Қостанай және Павлодар облыстары әкімдіктерінде жемқорлар көп ұсталғаны белгілі болып отыр.