Қазақстанда карантин мамырда да жалғасуы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты. Ал кей ел сақтық шарасын ұзартып, мамырда да оқшаулау режимін жалғастырмақ.
Tengrinews.kz тілшісі карантинді ұзартқан не жоспарлап отырған кей елдер туралы баяндайды.
Францияда карантин 11 мамырға дейін ұзартылды
Француздардың карантин режимі сәуірде аяқталуы керек еді. Бірақ таяуда Франция президенті Эммануэль Макрон режимді ұзартып тастады. Енді француз халқы 11 мамырға дейін карантинде отырады.
"Үміт ақырындап оралып келеді, бірақ Гранд-Эст және Иль-де-Франс аймақтарында ауруханалар толы. Сондықтан бар күшімізді салып, белгіленген ережелерді сақтауымыз керек. Осыған байланысты қатаң оқшаулау режимі 11 мамырға дейін жалғасады", - деді Эммануэль Макрон француз халқына үндеуінде.
Осылайша, Франция мамырдың басын карантинде өткізеді. Егер бәрі жоспардағыдай болса, француз билігі шектеулерді ақырындап азайта бермек. Алдымен балабақша мен мектептерді, жазға қарай жоғары оқу орындарын ашпақ. Бірақ мейрамхана, қонақүйлер, театрлар мен музейлер жабық болады. Шілденің ортасына дейін елде бұқаралық іс-шаралар өткізілмейді.
Макрон үндеуінде шекараның толық ашылмайтынын мәлімдеді.
"Жаңа жарлыққа дейін Еуропаға жатпайтын елдерге шекарамыз жабық болады. Халқымызды қорғау үшін бәрін істейміз", - деді ол.
Германияда 3 мамырға дейін карантин
Германияда карантин 19 сәуірде аяқталуы керек еді. Бірақ бір апта бұрын канцлер Ангела Меркель баспасөз мәслихатын өткізіп, елдегі жаңа мерзім туралы баяндады.
Германияда карантин мерзімі екі аптаға созылды, яғни, ол 3 мамырға дейін жалғасады. Бірақ елде вирус жұқтырғандар саны азаятын болса, кей шектеулер алып тасталады. Әзірше Германияда мектептер, университеттер, музейлер мен фитнес-залдар жабық.
Мектептер Германияда 4 мамырда ашылады деп жоспарланып отырады. Бірінші болып сабаққа жоғары сынып оқушылары қосылады.
Германияда бұқаралық іс-шараларды 31 тамызға дейін өткізуге тыйым салынды. Елде әлі де екіден көп адамға бірге жүруге болмайды және 1,5 метр қашықтықты ұстану қажет.
"Эпидемияны жеңу қолымыздан келмеді, сондықтан күнделікті өмірімізге орала алмаймыз. Ұзаққа созылатын эпидемия жағдайында өмір сүруге үйренуіміз керек", - деді Меркель.
Ресей оқшаулану режимін ұзартпақ
Ресейге коронавирус келгеннен бері елде төтенше жағдай немесе карантин жарияланбады. Ел үкіметі халыққа оқшаулану режимін енгізді. Бұл режим елде сәуірдің аяғына дейін созылған. Бірақ ол тағы да ұзартылуы мүмкін.
РБК басылымының мәліметінше, Ресейде оқшаулану режимі мамырдағы демалыстардан кейін аяқталады. Елде 1-5 мамыр, 9-11 мамыр арасында мерекелік демалыс болады. Сондықтан, ел билігі оқшаулану мерзімін сол мейрам күндерінен кейін аяқтауды жөн санап отыр екен.
Әзірше екі нұсқа бар - оқшаулану мерзімін мамырдың ортасына дейін немесе 1 маусымға дейін созу.
Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев оқшаулану мерзімінің созылатынын айтады.
"Әрине, оқшаулану мерзімі ұзарады деп ойлаймын. Сөзсіз, ұзарады", - деді ол.
Басқа да облыстардың губернаторлары оқшаулану мерзімі ұзаратынын мәлімдеп жатыр. Ал Башқұртстан басшысы Радий Хабиров республикада оқшаулану мерзімі жазға дейін ұзаратынын айтқан.
Украиналықтар екі ай карантинде отырады
Украинада карантин режимі 24 сәуірде аяқталады. Бірақ мамандар да, биліктегілер де карантиннің ұзартылатынын айтып отыр.
Денсаулық сақтау министрі Максим Степанов карантинді 12 мамырға дейін ұзартуды ұсынатынын айтқан.
Дәл осындай пікірді Украина бас санитар дәрігері Виктор Ляшко да ұсынып отыр. "24 арна" эфирінде ол карантинді 12 мамырға дейін ұзарту екенін айтқан.
Оның алдында Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль да елде карантин мерзімінің ұзартылатынын мәлімдеген еді.
"Министрлік кабинетінің отырысында карантинді ұзартатын шығармыз. Бірақ екі-үш салада шектеулерді азайтуды жоспарлап отырмыз", - деді ол РБК-Украинаға берген сұхбатында.
Қазіргі уақытта Украинада мәдени, спорт, ойын-сауық нысандары, кафелер жабық. Пойыздар да тоқтаған. Көшеде екі адамнан көп бірге жүруге тыйым салынған.
Егер елде карантин 12 мамырға дейін созылса, халық тура 2 ай бойы оқшауланады.
Қазақстанда карантин ұзартыла ма?
Қазақстанда төтенше жағдай мен карантин режимі 1 мамырға дейін созылған. Бірақ бұл мерзім ұзартылуы мүмкін. Алдағы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телевизиялық үндеу жариялайды. Сонда төтенше жағдай мәселесі де көтерілмек.
"Еліміздегі және әлемдегі эпидемиологиялық ахуал үнемі өзгеріп жатыр. Жуырда түскен ақпараттар негізінде Төтенше жағдай режимінің және карантин шараларының ұзартылуына қатысты тиісті шешім қабылданады", - деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Қазақстанда мамырда карантин жалғасатынын денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та айтып отыр. Ол мамырда да коронавирус тарайтынын мәлімдеді. Сондықтан, министрдің болжамы бойынша, Қазақстанда мамырдың аяғына дейін коронавирус жұқтырғандар саны 3500-ге жетеді.
Оның сөзінше, халық өзін-өзі қорғап үйренбесе, елдердің үкіметі қатаң шаралар қолдана береді.
"Бұл уақытты талап еді. Карантин мамырда да созылатын шығар. Мамыр өте қауіпті кезең деп санаймыз", - деді Біртанов.