Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында төтенше жағдай кезінде фермерлерге көмектесу мәселесі көтерілді. Осы орайда Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына тиісті депутаттық сауал жолданды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ауыл тұрғындарын толғандыратын аса өзекті мәселелердің бірі – көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру. АӨК субъектілерін несиелендіру «ҚазАгро» ҰБХ-ның «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктерді және кредиттік серіктестіктерді қорландыру арқылы жүргізіледі. Шамамен, 170 млрд теңге бөлінгеніне қарамастан, бұл қаражат толық көлемде игерілмеуде және соңғы қарыз алушыларға, бірінші кезекте Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің (АШТӨ) кепілдіктерінің болмауы немесе аздығы себебінен жетпей жатыр», - деп тоқталды депутат Берік Оспанов.
Оның сөзінше, қаржыландыру проблемасын шешу жолдарының бірі – өнімді форвардтық сатып алуды қолдану болуы мүмкін. Осы орайда депутат бұл бағытта Мемлекет басшысы берген тапсырманы еске салды.
«Өкінішке қарай, аталған қолдау тетігі кешіктірілуде, ал АШТӨ қаржыландыру қиындықтарын бастан кешіруде. Өткен жылдарда, астықты форвардтық сатып алуды қолдану кезінде «Азық–түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ АШТӨ-ге кепілгер ретінде өңірлік Әлеуметтік–кәсіпкерлік корпорациялардың мүмкіндіктерін пайдаланды. Мұндай схемада әкімдіктер жергілікті тауар өндірушілермен барлық ұйымдастыру мәселелерін нақты және уақтылы пысықтап отырды, қаражатты қайтару кезінде проблемалар болған жоқ. Осыған байланысты форвардты сатып алуды жүргізу үшін өңірлік ӘКК мүмкіндіктерін пайдалануды қарастыруды ұсынамыз. Біріншіден, ӘКК әкімдіктердің қаржы институты ретінде қарыз алушы туралы толық ақпараттары бар. Екіншіден, сатып алынатын өнім ең алдымен жергілікті халықтың қажеттілігі үшін керек. Бұл тетік тұрақтандыру қорларын толықтыруға және өнімдерді делдалсыз сату мәселелерін реттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жарма, дәнді, майлы дақылдар, картоп және көкөніс сияқты бірнеше бағыттар бойынша өнімдер сатып алуды ұсынамыз», - деді Оспанов.
Оның пайымынша, ӘКК-ні «ҚазАгро» АҚ арқылы немесе республикалық бюджеттен бөлінген бюджеттік кредиттердің бір бөлігін жергілікті бюджетке қайта бөлу жолымен де қаржыландыруға болады.
«Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, қорытындылай келе, Сізден көктемгі жала жұмыстары кезінде фермерлер мен АШТӨ-нің «жасыл дәліз» арқылы кедергісіз өту мәселесіне тағыда назар аударуыңызды сұраймыз! Қазіргі уақытта әр күн және әр сағат өте маңызды, өйткені жер жұмыстары күттірмейді! Бүгінгі таңда өңірлердегі штабтар бұл мәселені өз қалауы бойынша реттеп отыр, бірыңғай алгоритм және нақты ережелер бекітілмеген», - деді Б. Оспанов.