Әлемде коронавирус анықталған адам саны 2,5 миллионнан асты

Джон Хопкинс университеті (Johns Hopkins University) таратқан соңғы мәлімет бойынша, әлемде 2 563 384 адамнан коронавирус індеті анықталды. Әлемде COVID-19 вирусынан 177 424 адам қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Джон Хопкинс университетінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Әлемде ауыр дерттен 681 477 адам сауыққан. Әсіресе АҚШ, Италия, Испания және тағы бірқатар Еуропа елдерінде коронавирусқа қатысты жағдай күрделі.

Індет жұқтырудың ең көп оқиғасы АҚШ-та тіркелген. Онда 824 438 адамнан вирус анықталды, 75 289 адам дерттен жазылды. Пандемия басталғаннан бері елде 45 042-ден астам адам көз жұмған, бұл ретте вирустан ең көп адам Нью-Йорк қаласында қайтыс болған. Елде КВИ тексеру үшін 4 155 178 тест жасалды.

Адам өлімі саны бойынша екінші орында – Италия (24 648 адам). Елде індет жұқтырғандардың жалпы саны - 183 957 адам. 24 648 адам вирусты жеңіп шықты.

Испания елі әлемде коронавирус жұқтыру оқиғаларының саны бойынша екінші орында. Онда ауру жұқтырудың 204 178 оқиғасы расталды, 21 282 адам қайтыс болды. 21 282 адам жазылып шыққан.

Францияда 159 299 адам ауруға шалдыққан. 20 829-ы қайтыс болды. Германияда COVID-19 жұқтырудың 148 453 оқиғасы тіркеліп, 5 086 адам көз жұмған.

Британияда пандемия басталғаннан бері індет жұқтырудың 130 175 оқиғасы тіркелді, 17 378 адам көз жұмды, 640 адам жазылды.

Бұрын хабарланғандай, вирус әлемге таралып, 11 наурызда ДДСҰ COVID-19 коронавирусын пандемия атаған.

Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырудың 2025 оқиғасы тіркелді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 сәуір 2020 г. 268 0