Кәсіпорындар термометрдің орнына қателесіп техникалық пирометр алып жатыр

Елордада кей кәсіпкерлер қызметкерлердің дене қызуын тексеру үшін термометрдің орнына техникалық пирометр алып қойған, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаменті Жұмыс орны мен коммуникациялық нысандардағы жұқпалы аурулар бойынша қадағалау бөлімінің басшысы Гүлнар Қалиева айтып берді.
«Қызу өлшеудің екі түрі бар. Оның біреуі - денеге жанаспайтын, адамның қызуын өлшейтін термометр болса, екіншісі - өндірістік және өнеркәсіптік мақсатта пайдаланылатын, құрылыс материалдарының қызуын өлшейтін пирометр», - деп түсіндірді спикер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген онлайн брифингте.
Оның айтуынша, техникалық пирометр адамның дене қызуы қате көрсетуі мүмкін.
«Адамның дене қызуын өлшеуге арналған құрылғыны сатып алу қажет. Бұл - өте маңызды аспект, өкінішке қарай көптеген кәсіпорындар осы екеуін шатастырып, пирометр сатып алған. Техникалық пирометр адамның дене қызуын өлшегенде шамамен 2 градусқа ауытқиды. Адам бойындағы 2 градустың өзі қандай маңызды екенін бәрі біледі», - деді ол.
Бұған дейін Гүлнар Қалиева 20 сәуірден бастап қайта ашылатын кәсіпорындарға қандай талаптар қойылатынын түсіндірген еді.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 сәуір 2020 г. 478 0