Алматыда өткен онлайн брифинг барысында қалалық энергетикалық тиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев коммуналдық қызметтердің қай түріне өтемақы жасалатынын айтты, деп хабарлайды
ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес, Индустрия министрлігі коммуналдық қызмет көрсетушілерге шығынды өтеу ережесін бекіткен. Сол ережеге сәйкес, өтініш білдірген тұлғалар жеке дербес шот иесі болуы шарт.
Тұрғынның әлеуметтік мәртебесі расталған жағдайда энергетикалық тиімділік басқармасы ақшаны «Алсеко» АҚ ұсынған деректерге сәйкес жеткізушілердің есеп айырысу шотына аударады. Ал олар өз кезегінде есепті коммуналдық қызметтердің көлеміне пропорционалды түрде жүргізеді.
«Бұдан бөлек, тұтынушы коммуналдық қызметтерді төлеген жағдайда, сондай-ақ коммуналдық қызметтерді төлеу туралы түбіртекте 15 мың теңгеден кем сома болса, коммуналдық қызметті жеткізушілер төлемді келесі айға қайта есептейді. Көмек жоғарыда аталған санаттарға жататын, өз атына коммуналдық қызмет көрсетушімен жасалған келісімшарты бар және карантин енгізілген елді мекенде тұратын адамдарға көрсетіледі. Тұрғын үй туралы заңының 2-бабына сәйкес коммуналдық төлемдер – су, жылу, газ, электр энергиясы, қоқыс шығару және лифт үшін төленеді. Басқа қызметтерге өтемақы жасалмайды», - деді Әсет Масабаев.
Мұның алдында мұндай өтемақыны әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 60 мыңнан аса алматылық алатынын жазған болатынбыз.