Сыбайлас жемқорлық арқылы пара алғандардың сомасын еселеп қайтару туралы бап алынып тасталуы мүмкін. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әкімшілік-құқықтық департаментінің директоры Айгүл Базарбаева онлайн брифингте айтып берді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 15 жылдан бері заңсыз баю жағдайларына жауапкершілік енгізу керектігін айтып келеді. Бірқатар елдерде бұл талап – жемқорлыққа қарсы негізгі индикаторлардың бірі саналады. Ал біздің елде кінәсіздіктің анық-қанығына жетуге байланысты конституциялық құқық бар. Осыны ескере отырып, біз Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан заң жобасы арқылы заңсыз байыған азаматтарға азаматтық-құқықтық жауапкершілікті енгізуді ұсынып отырмыз. Ол бойынша кірісі мен шығысының арасында айырмашылық бар шенеунік белгілі бір уақыттың ішінде мүлкінің заңды түрде алынғанын дәлелдеуі керек», - деді Айгүл Базарбаева.
Айгүл Базарбаева сонымен қатар заң жобасы арқылы жемқорларға алған сомасын еселеп қайтару жазасы алынып тастау ұсынылып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша жемқорлардың ақшамен құтылуын – қоғам әділеттілікті сатып алудың бір жолы деп қабылдайды.