Қайта ашылған бизнес нысандары жоспардан тыс тексерілуі мүмкін

Елордада 20 сәуірден бастап қайта ашылатын бизнес нысандарына жоспардан тыс тексеру жүргізілуі мүмкін,- деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаменті Жұмыс орны мен коммуникациялық нысандардағы жұқпалы аурулар бойынша қадағалау бөлімінің басшысы Гүлнар Қалиева айтып берді.
«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша коронавирус инфекциясын таратпау бойынша Жедел штабтың шешімімен жұмысын қайта бастайтын кәсіпорындарды аудандық әкімдіктер бақылайды. Әкімдіктер кәсіпорындарға қойылатын талаптардың қаншалықты орындалып жатқанын тексереді», - деп түсіндірді спикер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген онлайн брифингте.
 Одан бөлек, әкімдік талаптарды бұзған нысандар жөнінде Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаментіне ақпарат жібере алады. Осы мәлімет негізінде департамент Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы, 6-бөлігіне сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізе алады.
«Бұл бапқа сәйкес, инфекциялық аурудың таралу қаупі туындаған жағдайда, мәселен қазір КВИ жағдайында аумақтық органдар нысанға ескерту жасамастан, тексеру тағайындау актін жасамастан,тексеру жүргізуге құқылы», - деді Г. Қалиева.
Бұған дейін Гүлнар Қалиева 20 сәуірден бастап қайта ашылатын кәсіпорындарға қандай талаптар қойылатынын түсіндірген еді.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 сәуір 2020 г. 384 0