Әркім өзі үшін жауаптылық таныту керек

Аймақтың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері А.Абдикаимованың қаулысымен толық таныстым.
Бұған дейінде елдегі төтенше жағдайға байланысты қаулы қабылдап сақтық шараларын сақтауға шақырған болатын. Енді міне бүгінгі күні ол жаңа пункттермен толықты. Оның ішінде  екінші деңгейдегі банктерге, «Қазпошта» АҚ филиалына, айырбастау пунктеріне, пошталық, коммуналдық, телекоммуникациялық қызмет көрсететін кәсіпорындар мен ұйымдарына банктердің ғимараттары мен мекемелерінде, бөлімшелерінде, төлем қабылдайтын орындарда, кассаларда қызметкерлер мен клиенттердің (пирометрлермен, қашықтық термометрмен) температурасын өлшеуді міндетті түрде сақтауды, кезектерде (1,5 метрден кем емес) ара қашықтықты сақтауды, бетперделік режимді, санитариялық-дезинфекциялық талаптар мен ережелерді қатаң сақтай отырып, халықты тиісінше қабылдауды ұйымдастыруды, үй-жайлардың ішінде және іргелес аумақта, оның ішінде банкоматтар, кассалар жанында ұйымдастырылмаған кезектердің болуына жол бермеуді тапсырды. 
Бұл құптарлық іс. Себебі, дәл қазіргі сәтте аталған мекемелердің қызметіне жүгінушілер қатары өте көп. Адам көп шоғырланатын орын болғандықтан тәртіпті қатаң сақтаған жөн деп білемін.
Өйткені, жер-жаһанға жайылып, елді дүрліктірген бұл індет аяғынан енді тұрған біз тұрмақ, экономикасы әлдеқайда қуатты, медицинасы әлдеқайда мығым елдердің өзін есеңгіретуде. Дәл қазіргі сәтте әрбір адам өзі үшін, өзінің балалары, туғандары үшін жауаптылық таныту керек. 
Көбі кетіп, азы қалды. Сондықтан сын сағатта барынша шыдамдылық танытып, тәртіпке бағынған дұрыс. Біз бірлесіп, бірге тәртіп сақтағанда ғана бұл індетті жеңетінімізге кәміл сенемін.

Ағайша НҰРҒАЛИЕВА,
қала тұрғыны.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 сәуір 2020 г. 395 0