Қазір жаһанды жайлаған қауіпті індет әлемнің барлық мемлекетін қиындыққа душар етті. Әрбір мемлекет көлденең кеселден қорғану жолдарын қарастырып отыр. Бұл бағытта Қазақстан тарапынан да тиісті іс-шаралар қолға алынды. Коронавирус инфекциясының алдын алуға бағытталған ауқымды жұмыстар Сыр өңірінде де өз деңгейінде жүзеге асырыла бастады. Бұдан бұрын Қызылорда облысында карантин жарияланып, азаматтардың жүріп-тұруына біршама шектеу жасалды. Қоғамдық орындардың жұмыс жасау тәртібі бойынша біршама өзгерістер жасалды. Базарлар, дүкендер, кәсіпкерлік орындарының жұмыс жасау уақытында өзгерістер болды. Көпшілік жиналатын мәдени іс-шаралар белгісіз уақытқа дейін кейін шегерілді. Мұндай шектеудің пайдасы зор. Бір кездері қауіпті кеселге шалдыққан азаматтар қатары бірден қаулап кеткен еді. Енді оның беті қайтып, оған душар болған науқастар қатары азайып келеді.
Солай дегенмен әлі де сақтық шараларына назар аударуымыз тиіс. Арқа-басты кеңге салуға ешбір негіз жоқ. Қызылорда облысында карантин мерзімін ұзарту дер мерзімінде қолға алынды деп айтуға толық негіз бар. Десе де кейбір істерді кейінге қалдыруға болмайды. Айталық, көктемгі дала жұмыстары ешбір кезек күттірмейді. Карантин кезінде көктемгі далалық жұмыстарды, табиғатты қорғау секілді маңызды шаруалар шектелмейді. Ал Қызылорда қаласы бойынша, аудан мен елді мекендер арасында кварталдар мен секторларға бөлу арқылы блок-бекеттерді орната отырып карантиндік аймақта жүріп-тұру шектеледі. Қоғамдық көлік жұмысын уақытша тоқтатыла тұрады. Сондай-ақ, жәрмеңке, азық-түлік, азық-түлік емес тауарлар, автомобиль, киім-кешек, мал базарларының жұмысы уақытша тоқтайды. Төтенше жағдайға байланысты карантин кезінде, ұжымдық, отбасылық (туылған күн, үйлену тойы, құдалық, басқа дәстүрлік шаралар) барлық жиындарға, көрші, туған туыстарға қонаққа баруға тыйым салынады.
Айтарлығы, қауіпті індеттің беті барлық тәртіп шараларын сақтау арқылы қайтаруға толық негіз бар. Сондықтан облыс көлемінде карантин мерзімін ұзарту туралы қаулыны дер кезінде қабылданған оң шешім деп бағалаймын.
Есенжол Назаров,
техника ғылымдарының кандидаты, «Nur Otan» партиясы
«Тұран» филиалы төрағасының бірінші орынбаcары.