Нобель лауреаты вирустың зертханадан шыққанын мәлімдеді

2008 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, франциялық вирусолог Люк Монтанье коронавирустың шығу тегі жасанды екенін мәлімдеді. Ол Pourquoi Docteur француз порталына берген сұхбатында, COVID-19-да АИТВ бөлшектері бар екенін айтқан, - деп хабарлайды "Известия".

Монтанье коронавирус жабайы жануарлардан жұқты деген ақпаратты шындыққа жанаспайтын әдемі аңыз әңгіме екенін айтты. Оның айтуынша, вирус Ухань зертханасында жасалған.

Вирусты өмірге әкелу жұмыстары 2000-жылдардың басынан бері жүргізілген, дейді CNews. Монтаньенің айтуынша, ол вирустың геномын зерттеген және оның адамдағы иммун тапшылығы вирусымен байланысын анықтаған бірінші зерттеуші емес. Бұған дейін осыған ұқсас зерттеу жұмысын үнді ғалымдар тобы жариялауға тырысқан. Мүмкін, бұл АҚТҚ-дан қорғайтын вакцина жасау кезінде болған оқиға шығар, деді ғалым.

Айта кетейік, бұған дейін БАҚ өкілдері COVID-19 жұқтырған алғашқы пациент Ухандағы зертханада жұмыс істегені туралы жазған болатын. 

Euronews ақпаратына сәйкес, АҚШ-тың барлау қызметі жаңа коронавирус Ухандағы Қытай зертханасынан әлемге таралуы мүмкін деген болжамды тексеріп жатыр. Ал президент Дональд Трамп Қытай инфекция туралы барлық ақпаратты ашпағанын мәлімдеді.

16 сәуірде ҚХР СІМ ресми өкілі Чжао Лицзянь вирустың жасанды шығу мүмкіндігі туралы жарияланымдарға түсініктеме бере отырып, бұл теория дәлелденбегенін мәлімдеді. Сонымен қатар, көптеген беделді дәрігер мұндай пікірге келіспейтінін айтты. 

"Жаңа коронавирустың пайда болуы мен таралу жолдарына қатысты Қытай ұстанымы айқын: бұл ғалымдар мен тәжірибелі дәрігерлердің кәсіби көзқарасын талап ететін таза ғылыми мәселе екеніне сенімдіміз. ДДҰ басшысы вирустың зертханалық шығу тегі туралы дәлелдердің жоғын бірнеше рет атап өткен", - деді ҚХР СІМ өкілі.

Монтанье қазір АИТВ ретінде белгілі LAV (лимфоаденопатиямен байланысты вирус) деп аталатын вирусқа арналған 1983 жылғы жұмысы үшін 2008 жылы Нобель сыйлығының лауреаты атанған.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 сәуір 2020 г. 609 0