Ақысыз демалысқа жіберілген қызылордалық тұрғындар 42500 теңге алды

Төтенше жағдай салдарынан Қызылордада бірқатар мекемелер өз қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болды. Олар мемлекет тарапынан берілген 42500 теңге әлеуметтік төлемге қол жеткізді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда қаласындағы «Q-мед» клиникасында қызмет жасайтын Нұргүл Ерғалиева өңірде коронавирус инфекциясы салдарынан жарияланған карантин уақытында ақысыз демалысқа жіберілді. Ол әлеуметтік төлемге құжаттарын тапсырған болатын. Нәтижесінде тиісті қаржыға қол жеткізді.
«Бір айға жуық уақыттан бері үйдеміз. Әрине, табыссыз қалу оңайға соққан жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылған әлеуметтік төлем көп отбасына қолдау болды деп ойлаймын. Мен үш бала тәрбиелеп отырмын. Әлеуметтік төлем бойынша берілген тиісті қаржыны алдым. Еліміз бұл қиындықты еңсеріп шығатынына толық сенемін», - деді Н. Ерғалиева.
Аталған емханада қызмет атқаратын Светлана Колесникова да тиісті қаржыға қол жеткізген. Ол мемлекет тарапынан берілген әлеуметтік төлемге үлкен алғысын білдірді.
«Төтенше жағдай салдарынан жұмыста ақысыз демалысқа шығуға мәжбүр болдық. Осы орайда мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік төлем жайында естіп, ол бойынша тиісті құжаттарды тапсырдық. Оған қол жеткіздім. Отбасымда күйеуім, қызым мен үшеуіміз тұрамыз. Күйеуім қарапайым жұмыс атқарады. Әлеуметтік төлем біздің отбасы үшін де үлкен қолдау болды», - деді С.Колесникова.




ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 сәуір 2020 г. 510 0