Сыр жастары «Үйде болыңыз!» ұранына үн қосуда

Ай бұрын елімізде төтенше жағдай режимі енгізілді. Осыған байланысты барлық қоғамдық шаралар тоқтатылып, індетті ауыздықтауға қатысты бастамаларға басымдық берілді. Бұл ретте жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру назардан тыс қалған жоқ. Облыста ерекше жұмыс форматы қолға алынды. Осы және өзге де мәселелерді облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Бауыржан Мастеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тарқатып айтты.

Брифингте орталық директоры барлық шаралардың онлайнға ауысқанын атап өтті. Қазір бұл жүйе өзінің оңтайлылығын көрсетуде. Оның көмегімен қашықтан оқытатын «Қолжетімді ағылшын» жобасы іске қосылды. Электронды оқулық платформалары арқылы «ҰБТ-ға дайындық», «Математика онлайн», «Спорт онлайн» шеберлік сабақтарын өткізу де қолға алынған.

– Барлық жұмыстарды қашықтан жүзеге асыру бойынша арнайы іс-шаралар жоспарын бекіттік. Соның негізінде онлайн сабақтар өткізу  жолға қойылды. Оған қоса кәсіби маманның қыштан құмыра жасауға, суретшілік өнерді дамытуға қатысты шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Шаралардың барлығы Facebook, Instagram, Youtube желілеріне орналастырылуда. Карантин кезіндегі қаралым айтарлықтай жоғары. Қуантарлығы, бұл шаралар қала көлемінде, барлық аудандарда да жүйелі жалғасын тауып отыр, – деді Б.Мастеков.

Сонымен қатар орталық директоры жастардың қызығушылығын тағы бір пысықтау үшін сауалнамалар жүргізу де күн тәртібіне қойылғанын алға тартты.

– Орталық қазір COVID-19-бен күреске шақыратын бейнероликтер түсірілімін үзбей жалғастыруда. Қалалық, барлық аудандардағы орталықтар #Үйдебол қозғалысын кеңінен насихаттап келеді. Бұл – бүгінгі күннің басты ұраны. Сондай-ақ, карантин кезінде онлайн мұражай аралауға, түрлі мағыналы фильмдер қарауға нұсқаулықтар ұсынылып, жас буынның өрісін кеңейтетін электронды кітаптар топтамасы парақшаларға орналастырылды. Жуырда желіде «Кітап құрттарымен» бірлесе «Мен оқыған бір кітап» тақырыбында онлайн әдеби кеш ұйымдастырдық. Оған 300-ге жуық жас, қала тұрғындары пікір қалдырып, кітапсүйер қауымның көптігін дәлелдеді. Парақшаларда онлайн ойындар да қамтылып жатыр. Төтенше жағдай жарияланғалы облыс көлемінде 136-ға жуық онлайн шара ұйымдастырылды, тиімді жүйенің арқасында біз 6700-ге жуық жасты қамтуға мүмкіндік алып отырмыз, – деді Б.Мастеков.

Бауыржан Қайырбекұлы алдағы міндеттің  ауқымды екеніне де тоқталды. Орталық облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесе арнайы қала және аудан жастары үшін «Бейбітшілік пен бірлік жастары», «Мен әскердемін» челленджін ұйымдастырмақ. Сонымен қатар «Әскерге бару – азаматтық парызым» вайн байқауы, шығармашыл жастар үшін эссе жазудан сайыс, «Мың тағзым сізге, ардагер!» тақырыбында онлайн форматтағы концерттік бағдарлама ұсыну жоспарда.

"СБ" ақпарат

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 сәуір 2020 г. 460 0