Қаланың шет аймақтарында көшпелі сауда ұйымдастырылды

 Төтенше жағдай кезеңінде Қызылорда қаласының төңірегіндегі саяжайларда жылжымалы көліктер арқылы көшпелі сауда ұйымдастырылды.

Бұл шара қала аумағында блок-бекеттер орналасып, жақын маңдағы елді мекен тұрғындарының облыс орталығына кіріп-шыға алмауына байланысты қолға алынды. Шаһар басшысының тапсырмасымен, "Мирас", "Анвар" сауда орталығының демеушілігімен арнайы жүк көлігімен «Эделвейс», «Сабалақ», «ПМК-29», «Электромонтажник», Наурыз, Ақсуат сияқты шет аймақтарға нарықтағыдан 5-10% төмен бағада азық-түлік және тұрмыстық заттар жеткізілді. Көшпелі сауда кезінде 5 тонна өнім саудаланды.

- Өсімдік майы, картоп, сәбіз, тағы басқа алып жатырмын. Осылай жиі келіп тұрса екен, бағалары да тиімді, - дейді Айнагүл Оразымбетова.

Бұған қоса, «Еврофарм» ЖШС жылжымалы дәріхана қызметін ұйымдастырып отыр.

- Мұның тиімділігі, карантин кезінде тұрғындар алысқа бармай-ақ үйінің алдына келіп тұрған көліктен қолжетімді бағада қажетті керек затын ала алады. Бұл жұмыс төтенше жағдай кезінде жалғасын табады, - дейді қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмасбек Есмаханов. 

 

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 сәуір 2020 г. 288 0