Биыл Қызылорда мектептері 15,5 мыңға тарта бірінші сынып оқушысын қабылдайды, деп мәлімдеді облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамов.
Тұтастай алғанда 126 мың қызылордалық мектепке барады. Қазір білім мекемелерінде барлық пәндер бойынша оқулықтар түгенделді, кітаптарды тегін алатын оқушылардың тізімі жасалды. Білім басқармасының ақпаратынша, балаларға қажетті оқулықтардың 98%-ы қолда бар, өндірушілерге тағы бір партия кітапқа тапсырыс берілді.
Аз қамтылған отбасыларға балаларын мектепке дайындау үшін меценаттар көмек қолын созуда. «Мектепке жол» акциясы 800-ден астам баланы қамтыды, олардың барлығына кеңсе тауарлары, киім-кешек, сөмке, аяқ киім сатып алынды. Мұның барлығына төрт миллион теңгедей жұмсалған. Бүгінде Қызылорда облысында 291 мектеп, 309 балабақша, 246 шағын орталық, 34 колледж, оның 8-і мектеп интернат және 11-і психологиялық-педагогикалық, медициналық және коррецкиялық кабинеттер жұмыс істейді. Олардың барлығы қыркүйектің алғашқы күні білім алушылар мен тәрбиеленушілерді қарсы алуға сақадай сай отыр.