«Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолдары пайдалануға берілді

«Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолдары пайдалануға берілдіМемлекет басшысы Н.Назарбаев 2012 жылдың 3 шілдесі күні өткен Жалпыұлттық телекөпірде еліміз бойынша бірнеше серпінді жобаларды, оның ішінде Жезқазған-Сексеуіл жолында бастауға рұқсат берген еді. Өткен 2013 жылдың желтоқсан айында бұл жолдардың негізгі бөліктері түйісіп те үлгірді. Ал, бүгін Қарағанды облысының Жезқазған қаласында Елбасының қатысуымен телекөпір өтіп, онда аталған темір жол желісінің бойында орын тепкен 4 ірі станциядан алғашқы жүк тасымалдаушы поездар жолға шықты. Телекөпір басталар тұста  «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин ел Президентіне  жалпы  ұзындығы 1200 шақырым болатын  «Жезқазған-Бейнеу» теміржолының қолданысқа берілгелі тұрғанын мәлім етті, деп хабарлайды "Сыр бойы" газетінің сайты Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолдары пайдалануға берілдіҚазіргі тасымал қашықтығы 1200 шақырымға дейін қысқарады. Жаңа болат жолдың арқасында жылына 21 млн. тонна тауар тасымалданатын болады.
Еліміздің аса маңызды транзиттік әлеуетін көтеретін жобаны аса қысқа мерзімде аяқтауда теміржол саласында тер төгіп жүрген Сыр өңірінің теміржолшыларының  еңбегі зор дер едік. Үш кезеңнен тұратын жобаның алғашқы кезеңі аяқталып отыр. Осы күні  Сексеуіл станциясынан  «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ Қызылорда теміржол бөлімшесінің директоры Амангелді Арысбаев телекөпір арқылы  Мемлекет басшысына жаңа жолды іске қосуға дайын екендігін жеткізді.
А.Арысбаевтың айтуынша бір ғана «Сексеуіл-Жезқазған» темір жолының бойында барлығы 3 станция мен 10 бекет салынып, нақты кезеңде   200-ден астам астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.  
«Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолдары пайдалануға берілдіОсыдан екі жыл бұрын өткен Индустриалдық форумда Елбасы жалпыұлттық телекөпір арқылы «Жезқазған – Бейнеу» темір жолын салуға старт берген кезде әсіресе, сексеуілдіктер айрықша қуанған. Сексеуіл пайдалану депосының директоры Бөрі Сәнкібаевтың айтуынша, бүгінгі таңда мұнда 3 аралық станция мен 10 разезд салынған. Бұған қоса,  теміржол құрылысынан бөлек аталған стансада 38 тұрғын үйдің құрылысы басталыпты. Бүгінгі таңда оның 8-і теміржолшыларға пайдалануға берілуге дайын. Қалған екі пәтерлі 30 үй жыл соңында мамандардың игілігіне беріледі.
Тың жатқан далаға жан бітірген ұзындығы 1200 шақырымдық темір жолдың 571,4 шақырымы Жезқазған мен Сексеуіл арасын жалғайды. Оның ішінде 10 мыңнан астам адам еңбек ететін Қызылорда жол бөлімшесіне қарасты бөлігі -272 шақырымға жуықтайды. Жоба толық 2017 жылы аяқталады деп күтілуде. Сол кезде Сексеуіл-Жезқазған бағытының бойында мыңнан астам маман жұмыс істейтін болады.  
Телекөпір соңында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев телекөпірге қатысушы сала мамандарын тарихи сәтке куә болуымен құттықтап, Елбасымыздың тапсырмасын мерзімінен бұрын орындаған бас мердігер «Базиз -А» ЖШС және «Жол жөндеуші» АҚ жол төсеушілеріне алғысын білдірді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 тамыз 2014 г. 1 587 0