Банк картасы мен шотты қашықтан қалай ашуға болады?

 ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейдегі банктермен шоттар және банк карталарын ашу үшін қашықтан қызмет көрсету алгоритмін пысықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында, Агенттік екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп төлем карталарын қашықтан алу алгоритмін жасады.

Мемлекет басшысының елде төтенше жағдай режимінің енгізілуі нәтижесінде табысын жоғалтқан азаматтардың кейбір санаттарына және кәсіпкерлерге материалдық қолдау көрсету бойынша тапсырмасын іске асыру мақсатында оларға 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы төленеді.

Бұдан басқа, Birgemiz қоры Қазақстанның барынша мұқтаж азаматтарына 50 мың теңгеден бөледі, ол да жеке тұлғаның екінші деңгейдегі банктегі карточкалық немесе ағымдағы шотына аударылады. Бұл төлемдерді есептеу үшін ақша қаражаты аударылатын карточкалық шоттың болуы қажет»,– деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі..

Қазіргі кезде әлеуметтік жәрдемақы алу үшін банк карталары қашықтан әрі тегін ресімделеді. Он үш екінші деңгейдегі банк, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ бұл қызметті қашықтан көрсетеді.

Ол үшін:

– мобильдік қосымшада (егер болмаса, жүктеу және орнату), не банктің сайтында шот ашу;

– тіркелу және қашықтан сәйкестендіруден өту;

– мобильді телефон нөмірін және ЖСН енгізу;

– жеке куәлікті сканирлеу (сұратқан жағдайда);

– картаның ашылғанын растау үшін SMS кодын енгізу қажет.

Клиентке бірнеше минут ішінде шот нөмірі бар SMS келеді. Кейбір екінші деңгейдегі банктер сондай-ақ картаны жеткізу бойынша қызмет көрсетеді. Орташа алғанда бұл рәсім 1 – 5 күн аралығында жүзеге асырылады. Шұғыл қажеттілік болған кезде кейбір екінші деңгейдегі банктер қолма-қол ақшаны картасыз және комиссияларсыз алу мүмкіндігін енгізді.

Сонымен бірге, клиенттер үшін онлайн сервистердің басқа да қызметтері қолжетімді болады, олар коммуналдық төлемдерді, байланыс қызметтерін төлеу, салым ашу, салықтық және кедендік төлемдерді жүргізу, жалақы аудару, ақша қаражатының жіберілу жолын қадағалау, POS/SMART терминалдар бойынша үзінді-көшірме алу. Барлық операциялар комиссияларсыз жүзеге асырылады.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 сәуір 2020 г. 295 0