Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы 2020 жылды Мейірбикелік және акушерлік қызмет саласындағы қызметкерлердің халықаралық жылы деп жариялады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми сайтына сілтеме жасап.
«Медбикелер мен акушерлер денсаулық сақтау саласында қызмет көрсетуде маңызды рөл атқарады. Олар өз өмірін аналар мен балалардың қамқорлығына арнайды, өмірлік маңызды екпелер салып, медициналық ұсыныс-кеңестерін береді, қарт адамдарға күтім жасайды. Жалпы алғанда халықтың денсаулық сақтау саласындағы негізгі күнделікті қажеттіліктерін қанағаттандырады. Олар көбіне жергілікті тұрғындар үшін медициналық көмек көрсететін алғашқы және жалғыз адам болып отыр», - делінген ДДҰ сайтында.
Мәлім етілгендей, 2030 жылға дейін денсаулық сақтау қызметтерімен жалпылай қамтуға қол жеткізу үшін мейірбикелік және акушерлік салада 9 млн қосымша жұмыс орнын құру қажет.
«Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы 2020 жылды Мейірбикелік және акушерлік қызмет саласындағы қызметкерлердің халықаралық жылы деп жариялау туралы шешім қабылдады», - делінген ақпаратта.