Отбасылық құндылықтар мен отбасылық-демографиялық саясатты насихаттауға арналған Қызылорда облыстық ассамблея хатшылығының іс-шаралар жоспарына сәйкес жуырда «Батыр Ана» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел отырысы болып өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 45 мыңнан астам көпбалалы аналар болса, олардың 8 мыңға жуығы «Батыр Ана» қоғамдық бірлестігінің құрамына тіркелген.
Облыс әкімі Қ. Көшербаевтың қолдауымен 2013-2014 жылдар аралығында «Батыр Ана» қоғамдық бірлестігінің 700-ге жуық аналары республиканың түрлі емдеу-сауықтыру орындарына тегін жолдамалар алып, емделіп келді.
Облыстың қоғамдық-саяси өміріне «Батыр Ана» қоғамдық бірлестігі белсенді араласады.
Аталған бірлестіктің көптеген істерінің бірі-2011 жылы «Шаңырақ» көпбалалы аналар клубының құрылуы.
«Шаңырақ» көпбалалы аналар клубының «дөңгелек үстелі» барысында қоғамдағы және отбасындағы әйел-ананың орны мен ұрпақ тәрбиелеудегі рөлі талқыланды.
Ұйымдастырылған шараға «Қоғамдық келісім орталығының» директоры Рахима Ахметова, Тасбөгет кентінің әкімі Жұмабек Алиев, «Игілік» корпоративтік қорының директоры Ақтолқын Шерехан, екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің анасы Галина Ильина қатысып, сөз сөйледі.
Шараға қатысушылар ата-ананың бала тәрбиесіндегі орны туралы танымдық-тәжірибе алмасып, жас жеткіншектердің тұлғалық болмысын отансүйер азамат ретінде қалыптастыруға бағытталған ұтымды пікірлерімен бөлісті.