Қызылорда облысында балық аулауға шыққан екі азаматтың қайығы аударылып, өздері суға кетті. Оқиғалар Арал және Жаңақорған аудандарында тіркелді.
Жаңақорған ауданы №24 теміржол бекеті аумағындағы Қаракөл көлінде 35 жастағы азаматтың қайығы аударылды. Соның салдарынан ол суға батып кетті. Денесі тұрғындар көмегімен сыртқа шығарылды.
Осыған ұқсас жағдай Арал ауданы Қарашалаң елді мекені аумағында орын алды. Ол ауыл аумағындағы көлде қайықтан құлап суға кетті. Оның денесін де тұрғындар жағаға алып шықты.
«Балық аулауға шыққандар көп жағдайды сақтық шараларын ұмытып кетіп жатады. Бұл орны толмас оқыс оқиғаларға алып келеді. Қазір бұдан бұрын суға кеткен 5 адамның денесі табылмай жатыр. Жұртшылықтан сақтық шараларын қатаң сақтауын сұраймыз», - деді Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі ММ бастығының орынбасары, жедел-құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергенов.
Әділжан ҮМБЕТ.