Бас мүфти: Біздің міндетіміз – төтенше жағдайда төзімділік таныту

 Біздің міндетіміз – төтенше жағдайда төзімділік танытып, отбасымызды індеттен аман сақтау. Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бақыт пен береке тілеймін! Жаратқан Ием жар болсын! Рамазан – тәрбие мен тағылым айы. Қасиетті айда мұсылман баласы қанағат, шүкір, мейірім, бауырмалдық, кешірімф сынды көркем мінезді қалыптастыруға тырысады. Сауабы еселеніп жазылатын айда әрбір ізгі амалымыз қабыл болғай. Алла Тағала ұстаған оразамызды, қоғам үшін жасалған қайырлы істерімізді мол сауаптан жазғай», - деді Бас мүфти өз құттықтауында.

«Өкінішке қарай, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты жұқпалы індеттің алдын алу үшін мешіттерімізде жамағатпен оқылатын намазды уақытша тоқтатуға мәжбүр болдық. Адам денсаулығы басты құндылық болғандықтан, әлем елдерінің мүфтилері де уақытша осындай шешім қабылдады. Біз талай зұлматты заманды бастан кешкен, сындарлы сәтте үмітсіздікке берілмей, бір Алладан медет тілеген халықпыз. Иманымыз бен бірлігіміздің арқасында қиындықты еңсеріп, өсіп-өнген елміз. Алланың жәрдемімен бұл уақытша сынақты да еңсереміз», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сонымен қатар ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты Үндеуінде: «Біз осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімінің арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айрылмайық», деп халқымыздың жігерін оятқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған комиссия халықтың денсаулығын сақтау мен қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бағытында маңызды шешімдер қабылдауда. Сайып келгенде, түрлі салаға жауапты тұлғалар өз деңгейінде жауапты міндеттерді атқаруда. Ал сіз бен біздің міндетіміз – төтенше жағдайда төзімділік танытып, тазалық шараларына аса мән беріп, өзімізді, отбасымызды індеттен аман сақтау. Жұқпалы індетпен оқшауланып күресуіміз керек», - деді Бас мүфти.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 сәуір 2020 г. 231 0