Үш жылдығын ойлаған қапы қалмайды

Өткен ғасырдың 70 - жылдардың аяғында әскери борышымды өтеп келдім. Оқуға тапсыруға дейін жарты жылдан астам уақыт бар. Содан Қызылорда қаласындағы күріш зауытына жұмысқа тұрдым. Мен жұмыс атқарған цех  ауысым сайын кемінде 800- 900 қап күріш ақтайды. Ол сол бойда 63 тонналық вагонға тиеліп, елдің түкпір-түкпіріне, кейде шет елдерге жөнелтіліп жатады. Сонда тәулігіне 2-3 вагон күріш ақталып тұратын. Егер жұмыс процесінен ақау шығып, үзіліс орын ала қалса, оны тезірек қайта іске қосуға бар күш жұмылдыралатын. Сонда байқағаным, қанша асықтырып жатқанмен цехтың қоймасында қатар қатар жиналып тұрған күрішке тиіспейтін. Ал ол жерде кемінде ондаған вагон күріш жинаулы тұратын.

Бір күні өзімді мазалаған сұрақты цех бастығына қойдым. Сонда ол қоймадағы күріш мемлекеттік қор есебінде екенін жеткізді.  Елде қандай да бір ауыртпалық кезеңдер орын алған жағдайда  пайдалану үшін сақталатынын айтты. Осындай қор келесі цехта да бар болатын. Қоймадағы күріш белгілі бір мерзімнен кейін сатуға жіберіліп, оның орнын жаңа өнім басатын. Жалпы мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стратегиялық азық-түліктің  барлық түрінен осындай қор жасақ­та­латынын, сол кезде естіп білдім.

Азық-түлік қауіпсіздігі ұғы­мының қалыптасуына 1972-1973 жылдары орын алған астық дағдарысы себеп болған секілді. Алға­шын­да әлемдік азық-түлік қауіп­сіздігі барлық елдер үшін қол­же­тімділік жағдайындағы тұрақ­тылықты сақтау ретінде қарас­тырылды. 1974 жылы БҰҰ-ның «әлемдегі азық-тү­лік қауіпсіздігін  қам­тамасыз ету бойынша ха­лықаралық міндет­темелер» резолюциясы да­йын­далды. Азық-түлік қауіп­сіздігін басқару дең­гейлерін – жаһандық дең­гей, мемле­кет­аралық дең­­гей, ұлттық дең­гей, аймақ­тық деңгей, үй шаруа­шылығы деңгейі және жеке деңгей түрінде бөліп қарас­тырады.

Демек, қай мемлекет болмасын «үш жыл­дығын» ойластырып қоюы тиіс. Жалпы, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту – ұлттық қауіпсіздікті қам­тамасыз етудің, экономиканы табысты дамытудың негізгі шарттарының бірі. Осы орайда елімізді ор­нықты дамыту, ұлт­тық тұ­тас­тығымызды сақ­тау үшін азық-түлік қауіп­сізді­гінің мәсе­­ле­лері «Қазақ­стан Рес­пуб­ли­ка­сының ұлт­тық қауіп­сіздігі туралы» заңы­мен бе­кі­тіл­ген.  Бұл азық-түлік қауіп­сіздігі ұлттық қауіп­сіз­дігімізді нығайту ісінде басты назарда тұратынын білдіреді.

Мемлекетіміз «үш күн­дігін де», «үш жылдығын да» ойластырып, яғни қаржы қорын да, азық-түлік қорын да жасақтап қоюға айрықша мән беріп келеді. Бүгінгідей жалпы ел бойынша төтенше жағдай енгізіліп, карантиндік шаралар күшейген шақта эконимиканың көптеген салалары жұмысын баяулатты немесе мүлдем тоқтап қалды. Түрлі қызметтер ұсынып келген кәсіпкерлер де жұмысын тоқтатуға мәж­бүр. Тұрғындардың басым бөлігі үйінде отырып қалды. Осындай қы­сыл­таяң шақта елімізде ха­лықты қаржылай қолдау, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне жедел кі­рісіп кетті. Тұрғындарды азық-түлік және қажетті бұйымдармен қамтамасыз етуге еліміз бойынша 32 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Ал Қызылорда облысы азық-түлікті тұрақтандыру қорына 776 млн теңге бөлді. Бұл қаржыға «Байқоңыр» ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 1575,1 тонна ұн, 500 тонна күріш, 134 тонна қант, 100 тонна макарон өнімі, 500 тонна картоп, 200 тонна сәбіз, 100 тонна пияз, 35 тонна қырыққабат, 153 тонна өсімдік майы, 100 тонна сиыр еті, 50 тонна тауық еті, 59 тонна сүт өнімі, 300 келі ірімшік, 500 келі сары май және 2 млн дана тауық жұмыртқасы сатып алынды. Азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі «Байқоңыр» корпорациясына қарасты «Алтын қамба» Агроөнеркәсіп ком­бинаты» ЖШС-ның  қойма­ларында сақ­талып, 27 әлеу­меттік дү­кені арқылы нарық­тан төмен бағада босатылады.

«Алтын қамба» Агро­өнер­кәсіп комбинаты» ЖШC дирек­торы Бауыржан Тоқмыр­заның айтуынша, мұндағы 3250 тонналық қойма 2011 жылы пайдалануға берілсе, биыл жыл басында 2000 тонналық көкөніс қоймасы салынып, іске қосылған. Әлеуметтік дү­кендердің жалпы саны 29, жұмыс істеп тұрғаны 27. Солардың сегізі биыл пайдалануға берілді. Бұл дү­кендер өз кезегінде әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға ықпал етуі тиіс. Әлеуметтік дүкен­дерде нан бағасы – 55, бі­рінші сортты ұнның келісі – 132, күріш – 212, қант – 240, макарон 150 теңгеден сатылып келді. Сондай-ақ, картоп – 83, сәбіз – 82, жуа – 55, қырыққабат – 95, өсімдік майы – 1700, қарақұмық жар­масы – 310 және ас тұзы 33 теңгеден болды.  Серік­тестік басшысы тұ­рақ­тандыру қорындағы әлеу­­меттік маңызы бар азық-түлік тауарлары Үкімет бекіткен бағамен саты­­латынын айтады. Сонымен қатар, тұрақтандыру қорындағы азық-түліктер кесте бойынша арнайы авто­­көліктер арқылы аудан­­дарға да жеткізілуде. Бұл шаралар қазіргідей қиын кезеңде халық үшін үлкен көмек екені сөзсіз.

Ыдырыс Тәжіұлы,

«Сыр бойы».

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 сәуір 2020 г. 530 0