Ауыл тұрғындары дәрігерге баруға құлықсыз. Бұған «Денсаулық жолы» акциясы аясында Қызылорда облысының барлық аудандарын аралап, скринингтік тексеруден өткізген мамандар көз жеткізді, деп хабарлайды "Хабар" агенттігі.
Денсаулық керуені Қазалы ауданының ең шалғай Бекарыстан би ауылына табан тіреді. Жүрек-қан тамыр, көз және қант диабеті ауруларын ерте бастан анықтау - негізгі мақсат. Дәрігерлер әлеуметтік маңызы бар ауру түрлерінің пайда болуына әсер ететін қауіпті факторларды анықтап, тексеруден дер кезінде өту керектігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Толқын Мұхамбетқызы, Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының жауапты дәрігері:
- Қазіргі таңға дейін Қармақшы, Сырдария, Жалағаш аудандарында өткізіліп келді. Керуенді өткізуге келген бригада құрамында окулист, кардиолог, эндокринолог және де скрининг дәрігер бар.
Бекарыстан би ауылында 3 мыңға жуық тұрғын қоныс тепкен. Іргелес тағы бірнеше елді мекен жапсарлай орналасқан. Ауылдағы ағайын ауруханаға зар.
Болат Сәдуов, Ауыл тұрғыны:
- 69 жылы осы жерде 20 төсектік аурухана болатын, ол 75 койкаға дейін көтерілген. 2009 жылдан бері ешқандай аурухана жоқ. Көрші Түктібаев, Майдакөл, Бекарыстан би ауылдарын есептегенде 5,5 мыңнан астам халық тұрады. Оған енді бір аурухана керек.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, көбінің аудан орталығына қатынауға қалтасы көтермейді. Оның үстіне Сырдариядан өтетін көпір жоқ. Қалқымалы өткел қыс түсіп, мұз қата бастағанда алынып тасталады, сонымен қатынас, тіпті қиындайды.
Құралай Бекжанова, Ауыл тұрғыны:
- Осы бір жағдай болды бірде ауылымызда. Қыста келініміз қатты босана алмай қиналған кезде, аудан орталығынан бригада, жедел көмектер келем дегенше қатты қиналдық. Бүкіл ел болып, ауылдағы 300 ана келінімізбен бірге толғатып, аман-есен босанса екен деген тілекте болдық. Бірнеше төсектік аурухана ашылса екен дейміз.
Бірнеше елді мекен тұрғындарына медициналық қызмет көрсеткен бұрынғы аурухана қазір құлаудың алдында тұр. Ал бірер жыл бұрын салынған емханадағы жалғыз дәрігерге кезекке тұрудан ауылдықтар қажыған.