Есірткі тасымалдаған Жамбыл тұрғыны Қызылордада ұсталды

Қызылордада аса ірі мөлшерде есірткі тасымалдаған Жамбыл облысының тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz
36 жастағы жігіттің көлігінен 21 келіден астам марихуана мен 1 келіден көп гашиш табылды. Қылмыс 10 сәуір күні белгілі болды. ҚР ІІМ және облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бірлескен жедел-профилактикалық іс-шаралары кезінде “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” тас жолының бойында, Арал ауданының Шижаға елдімекені тұсында көлік тоқтатады. Оны тексере келе, артқы жүксалғыштағы бензин багынан бірнеше пластик бөтелке шықты.
2 литрлік 8 дана, 1 литрлік 26 дана, 1,5 литрлік 1 дана ыдыстарға есірткі типтес жасыл түсті, иісті заттар салынған. Сараптама қорытындысы олардың кептірілген марихуана мен гашиш екенін анықтады. Көлік иесі Арал ауданындағы полиция бөлімінің уақытша ұстау изолияторына қамауға алынды.
Қазір оның үстінен ҚР ҚК 297-бабы, 3-бөлігінің 3-тармағымен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 сәуір 2020 г. 389 0