ТЖ: Қазалыда 6 адам отбасылық, ұжымдық отырыс жасаған

Қазалы ауданында карантин талаптарын орындамаған 42 азамат анықталды. Төтенше жағдай кезінде 6 аудан тұрғыны ұжымдық, отбасылық жиындар өткізіп, 4 кафе мен тойхана, 3 азық-түлік дүкенінің иесі талапқа бағынбаған.

Ал, 6 тұрғын негізсіз автокөлікпен жүрсе, 6 азамат үйінен ешқандай себепсіз шыққан. 9 аудан тұрғыны төтенше жағдайға байланысты қойылған блок посттарды айналып өтекші болған. Оған қоғамдық орындарда медициналық маска тақпай жүрген 6 адамды қосыңыз. Барлығына да аудандық полиция қызметкерлері әкімшілік хаттама толтырып, материалдары аудандық сотқа жолдануда.

Құқық бұзушылықтарды анықтауда аудандық полиция қызметкерлерімен қатар, арнайы құрылған мобильдік топтың мүшелері де көп үлес қосуда. Олар учаскелік полиция инспекторларымен бірге азық-түлік дүкендерінің белгіленген уақытта жабылуын қадағалап, күнделікті рейдтік тексерулер жасап жатыр.

Осы арада Қазалы ауданына 2 сәуірден бастап кіріп-шығуға тыйым салынғанына қарамастан кейбір азаматтар ауданға баратын жаңа жолдар іздестіруін тоқтатпай жатырғанын айта кеткен дұрыс шығар. Осылайша олар өз бастарын қауіпке тігіп, жұқпалы індеттің біздің ауданға таралып кетуіне қолайлы жағдай туғызуда. Осыған орай тәртіп бұзған азаматтарға қатаң шаралар қолданылатынын ескертеміз.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 сәуір 2020 г. 636 0