Ұзақ жылдар бойғы бала сүйсем деген арманы орындалған мүмкіндігі шектеулі жан Әйгерім Аймаханова 34 жасында ана атанды. Бүгін аудандық перзентханадан шыққан Әйгерімді сала мамандары мен ҮЕҰ жетекшілері салтанатты түрде қарсы алып, ақ тілектерін білдірді. Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Қазіргі таңда жас босанған аналарға мемлекет тарапынан мол қамқорлықтар қарастырылған. Билік партиясы қолға алған «Кедергісіз келешек» жобасы да осы даму мүмкіндігі шектеулі жандардың келешегінің кемел болуына жасалған жарқын жоба. Аман-есен босануына жағдай жасаған ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз. Біздер батыр бала дүниеге келді деп қуанып жатырмыз. Өйткені сәбидің салмағы 4,7 келі екен. Алла ұзақ ғұмыр беріп, бауы берік болсын», - деген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Балқожаев жергілікті кәсіпкер Қ.Қарақожаевтың атынан велисопед сыйға тартты.
Саланың бөлімше меңгерушісі З.Аметова мен «Жастарды қолдау орталығы» аудандық бөлімшесінің жетекшісі Н.Бакиров жалынды жастар қауымы атынан құттықтап,гүл табыстады. Ұйымдастырушы тарап жас босанған анаға құрмет көрсетіп көлікпен үйіне жеткізіп салды.