Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге әлеуметтік төлемді төлеу неліктен кешіктіріп жатқанын түсіндірді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлеуметтік төлемдер неге кешігіп жатыр деген сұрақтар туындауда. «Мен бір апта бұрын бергенмін», «4-5 күн өтіп кетті» дегендер көп. Бұл ретте мен сіздердің алдарыңызда министр ретінде кешірім сұраймын. Біз осы күндері үлгермедік. Оның себебі бар. Не себеп, неліктен үлгермей жатырсыздар? дейсіздер. Оның бірнеше себебін түсіндіріп кетейін. Біріншіден, біз өзімізге 3 күн белгіледік. Бірақ, одан да көбірек уақыт қажет еді. 42 500 теңге бюджеттен емес, мемлекеттік сақтандыру қорынан төленеді. Сол қор ақша береді, сол қор тағайындайды. Ол бөлек мекеме», -деді Біржан Нұрымбетов.
Оның айтуынша, елімізде бүкіл төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы арқылы банктерге жіберіледі. Ал банктер азаматтардың есепшоттарына аударады.
«Ал өтінішті қабылдап жатқан біздің министрлік болғандықтан барлық құрылымдарымен оларды тексереді. Содан кейін сіздерге жібереміз. Осы үш мекеме айналысып жатыр. Басқаша болмайды. Сіздерге айтарым, осы үш мекеменің азаматтары күні-түні жұмыс істеп жатыр», - деді министр.