ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің #ONLAIN-da bol жобасы аясында «Мемлекеттік тілді жетілдіру» тақырыбында онлайн курстар өтеді. «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру бағдарламасына сәйкес өткізетін курс өңірлік тілдерді дамыту басқармаларының басшыларына, тілдерді оқыту орталықтарының директорларына арналған.
Онлайн курстар 13-17 сәуір аралығында өтеді. Бұл туралы ҚазАқпарат Орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Бес күнге жоспарланған онлайн курста қазақ терминдерін қалыптастыру, сараптамадан өткізу, қазіргі ақпараттық технологиялар мүмкіндіктерін пайдаланып терминдер нұсқаларын талқылауға қашықтан қатысу мәселеелрі қарастырылады.
Сондай-ақ, қазақ тілін меңгергісі келетін ересек азаматтарды оқыту үдерісіндегі жаңалықтар, тіл меңгеру деңгейлерін бағалаудың ҚАЗТЕСТ жүйесіндегі өзгерістері, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру үдерісінің ғылыми негіздемелері мен ғылыми-ұйымдастырушылық міндеттерін іске асыру жолдары талқыланады. Бұдан бөлек, қазақ тілін үйренуге ынталы азаматтарға жасанды интеллект технологиясы арқылы жаңа порталды пайдалану жолдары, портал арқылы бірегей жүйе қалыптастыру тетігі, тіл үйренудің тиімді технологиялары қаралады. Курстар барысында мемлекеттік бағдарламаның міндетін өңірлерде іске асыру бойынша өзекті сұрақтарға жауап беріледі. Сонымен қатар, күнделікті тұрмыста, әлеуметтік салаларда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту тетіктерін жетілдіру жолдары таныстырылады. Курс Facebook әлеметтік желісінің ONLINE-da bol парақшасында әр күн сайын 11:00-12:00 аралығында тікелей эфирде жүргізіледі.