Қызылорда облысы бойынша төтенше жағдай талаптарын сақтамаған 280 тұрғын анықталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысында 16 наурыздан бастап төтенше жағдай талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар атқарылып келеді. Бұл бағытта облыс бойынша рейдтер жүргізілді. Сол шаралар барысында 499 мекеме мен ойын-сауық орындары тексерілді. Нәтижесінде төтенше жағдай талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік кодекстің 476-бабымен 280 құқық бұзушылық анықталды.
«Аталған құқық бұзушылықтар негізінде Қызылорда қаласында 161 дерек тіркелсе, аудандар бойынша Аралда - 21, Қазалыда - 21, Қармақшыда - 13, Жалағашта - 5, Сырдарияда - 11, Шиеліде - 18, Жаңақорғанда - 11 және Байқоңыр қаласындағы өкілдікпен 19 оқиға нақтыланды. Сол арқылы Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотымен 173 әкімшілік іс қаралды. Ол бойынша 77 тұлғаға айыппұл салынып, 95 тұлға әкімшілік қамауға алынған», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарияланған материалдарға мониторинг жүргізілді. Жалған ақпарат таратқан 11 дерек анықталып, олар бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп тексеру жұмыстары жүргізілуде. Облыс аумағына кіретін автожолдарда азаматтарды медициналық тексеруден өткізу мақсатында 3 санитарлық-өткізу бекеттері жұмыс атқаруда. Төтенше жағдай режимі кезіндегі талаптардың сақталуын қадағалау мақсатындағы жұмыстар жалғасуда. Бұдан бұрын Қызылордада ауыл әкімі төтенше жағдай кезінде тойға барғанын хабарлаған едік.
Төтенше жағдай кезінде облыста спорттық, ойын-сауық және басқа да бұқаралық іс-шаралар, сондай-ақ отбасылық, атаулы іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Соған қарамастан Шиелі ауданы Төңкеріс ауылының әкімі туысқанының үйіндегі келін түсіру тойына қатысқан. Қазіргі таңда Шиелі ауданында коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған 55 науқас бар. Оның басым бөлігі аталған елді мекен тұрғындары. Сондай-ақ, Қызылордада ауласында той жасаған тұрғын жазаланды. Қызылордада бас санитар көпшілікті қонаққа бармауға шақырды.
Оның айтуынша, елордадан келген студент қыз ауылда достарымен басқосу өткізген. Соның салдарынан ауылда бірнеше адамға коронавирус инфекциясы диагнозы қойылды. Бүгін сағат 12.40-тағы мәлімет бойынша Қызылорда облысында коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған 116 науқас бар.