Ел еңбектен қол үзбейді, берекелі іске үндейді

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елде төтенше жағдай мерзімі сәуірдің соңына дейін созылды. «Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы» – деп атап өтті Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Дегенмен, біз тосыннан келген індетке тосылып қалмаймыз. Себебі ел еңбектен қашанда қол үзбейді. Көктем мезгілі – диқандар үшін нағыз еңбек майданы. Барлық өңірде дала жұмыстары басталды. Бұл – ертеңгі күннің қамын күйттеген шаруалардың ерен еңбегі. Осылайша диқандар дағдарысты еңсеруге нақты іспен жауап бермек. Қазір «Есім» шаруа қожалығының еңбеккерлері қызу жұмысқа кірісіп кетті. Биыл 80 гектар жерге күріш, 15 гектар жерге жоңышқа егіледі. Қазір егіс алқабында дайындық жұмыстары жүргізілуде. Егіс егілетін аумаққа органикалық тыңайтқыштар себіліп, су келетін каналдар тазартылды. Қажетті техникалар да жеткілікті. Дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін айдың ортасында тұқым шашуды жоспарлап отырмыз. Өткен жылдары бұл жерлерге жоңышқа себіліп, жақсы өнім алынды. Бұдан бөлек, шаруашылықта 60-тан астам ірі қара мен 70-ке жуық уақ мал бар. Жайылымдық жер 120 гектар аумақты құрайды. Шаруашылық қазіргі таңда 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

«Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, біз біріксек, бағындырмайтын белес, алынбайтын қамал жоқ. Осы ретте диқандар да Президент тапсырмасын қолдап, елімізге қолдау білдіруге дайын.

Молдахмет ИБРАГИМОВ, 

«Есім» шаруа қожалығының басшысы,

Түгіскен ауылы,

Жаңақорған ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 сәуір 2020 г. 334 0