Алматы тұрғыны мұқтаж адамдарға берілетін азық-түлік себетінде кей заттар жетіспейтіні туралы шағымданды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ритоль Ф-Б есімді Facebook қолданушысы балалары тегін азық-түлік пакетін алғанын жазған. Бірақ айтуынша, онда кейбір заттар жетіспейді. Себебі өзі тура сондай гуманитарлық көмек пакеттерін жинауға қатысып, волонтер болған. «Бүгін балаларым азық-түлік себетін алды. Біз жинайтын жинақтан балаларға қант қосылған сүттің 1 банкасы, бұқтырылған еттің 1 банкасы, 1 құты сұйық май, Nur Otan партиясынан гигиеналық заттар, сабын, антисептик жетіспеді», - деді ол.
«Nur Otan» партиясы Алматы бөлімшесі төрағасының орынбасары Станислав Канкуров шағым түсірген бұл адам волонтер болып аз уақыт жұмыс істегенін айтады. Кейін ол мұқтаж адамдар қатарына жатқан соң осындай себет алған.
«Азық-түлік себеті бірнеше жерден жинақталады. Ол жерде бюджет қаражаты жоқ. Азық-түлік жағын қор толтырады. Бұл себет қалалық Әлеуметтік әл-ауқат қоры басқармасымен келісіледі», - деді ол.
Станислав Канкуров бұдан бөлек басқа демеушілерден келетін себеттер де бар екендігін айтты.
«Тағы бір қор бізге 1000 себет бөлді. Бұл себеттер жинақталып дайын тұрғандықтан олар ашылмады. Адамдар шын жүректен көмектесу үшін беріп жатыр. Дайын затты әкелген соң волонтерлер таратады. Мүмкін кей тауарлар болмаған шығар. Кейбірі арзан болуы мүмкін. Ал біздің қордан кететін себеттер қатаң бақылаудан өтеді. Бұған дейін бізге шағым түскен емес. Егер бір адамнан шағым түссе біз оны партия бақылауына алып, тексеретін боламыз», - деді ол.