Кеше Н.Ілиясов ауылында мұнай компаниялары басшылары мен бизнес өкілдері бас қосты. Кездесу барысында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында екі жақты меморандумдарға қол қойылды, деп хабарлайды Сырдария ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жалпы аудан аумағында 11 ірі мұнай компаниялары жұмыс жасап, оларда аудан бойынша 1086 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Аудан аумағындағы мұнай-газ саласындағы компаниялардың атқарып отырған қиын да күрделі жұмыстарына қарамастан Сырдария ауданының әлеуметтік мәселелерін шешуге қаржылай көмек көрсетіп келеді. Бұл орайда, 2013 жылдан бастап Сырдария ауданы әкімдігі мен мұнай компаниялары арасында өңірді әлеуметтік қолдау туралы меморандумдарға қол қойылып, екі жақты келісімдер бойынша жұмыстар жасалуда. Атап айтқанда, 2004-2014 жылдар аралығында мұнай компанияларының жер учаскелерін пайдаланғаны үшін бюджетке барлығы 213 млн. теңге көлемінде төлемақы, мүлік салығы бойынша 10 млрд. теңге көлемінде қаржы түсті.
Есепті кезеңде ауданда бұл қаржыға білім саласы бойынша 93 нысан, мәдениет саласы бойынша 12, мемлекеттік органдар бойынша 17, барлығы 122 нысан жөндеуден өткізіліп, 81 мәдени-әлеуметтік нысандар салынды.
Ауданда қоғам алдында әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, оның ішінде түрлі мәдени – көпшілік шаралар өткізу, еңбек және соғыс ардагерлерін, тұрмысы төмен отбасылары мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау, бұқаралық спортты дамыту, тұрғындардың денсаулығын жақсарту мақсатында 182 млн. теңге көлемінде «Сырдария» қоғамдық қорынан қаржылай көмектер берілді.