Қарттар үйінен шыққан коронавирус: Барлық қызметкерден сынама алынды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова Ақмола облысындағы қарттар үйінен шыққан коронавирус жағдайына қатысты мәліметтермен бөлісті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақмола облыстық әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру және жұмыспен қамту басқармасының «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы Целиноград ауданына қарасты Аққайың ауылына орналасқан. 16 наурызда, карантин жарияланған сәтте бұл орталықта қамқорлыққа алынған 148 адам болған.Орта жастары - 75 жасты құрайды. Қызмет көрсететін 74 адамның ішінде 51 қызметкер еңбек демалысына және қашықтан жұмыс істеуге жіберілген. Өкінішке орай, 2 сәуірде 1947 жылы дүниеге келген, ал 6 сәуірде 1929 жылы дүниеге келген қамқорлыққа алынған адам қайтыс болды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
 Оның атап өтуінше, қаза болған екі адамнан да коронавирус белгілері байқалмаған. Олардың індет жұқтырғаны қайтыс болғаннан кейін анықталған.
«Жоғарыда айтылған жайттарға байланысты Ақмола облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жүргізіп, байланыста болған адамдар аясы анықталды, коронавирусты анықтауға арналған зертханалық зерттеулер жүргізілді. Вирус жұқтырғандармен байланысты болуына орай орталықтың барлық қызметкерлерінен сынама алынды», - деді Мағрипа Ембергенова.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 сәуір 2020 г. 453 0