Арнаулы жиындарға әйелдер қажет болса, жергілікті атқарушы органдар оларды шақыруға құқылы. Бұл туралы Қарулы күштер Бас штабы бастығының орынбасары Серік Боранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды
Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бұл жағдайда қойылған міндетке байланысты әкімдік әйелдерді шақыруға құқылы деп ойлаймын. Ешқандай шектеу жоқ. Тағы да қайталап айтамын, мұның барлығы әкімдіктің құзыры мен шешімі. Егер оларға тиісті мамандықтар бойынша қыздар қажет болса, олар шақырылуы мүмкін", - деді ол онлайн брифингте.
13 сәуірде Шымкент және Қарағанды облысында, 14 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысында, 15 сәуірде Жамбыл облысында, 17 сәуірде Түркістан облысында әскери міндеттілерді шақыру басталады. Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында арнаулы жиын мәселесі әлі қаралып жатыр.
Айта кетсек, әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы жарлық 2 сәуірде жарияланды. Әскери жиындар үш айға дейін созылады.
Бүгінде арнаулы жиындарға 473 әскери міндетті шақырылған, олардың ішінде 71 офицер, 402 сержант пен запастағы солдат бар. Олардың басым бөлігі еріктілер.
Әскери міндеттілерге арнаулы жиындардың қорытындысы бойынша әскери шен берілуі мүмкін. Мұндай шешімді жергілікті әскери басқару органдары қабылдайды.