ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі интернет желісінде алаяқтардан қорғанудың тәсілдерін айтты, деп хабарлайды
ҚазАқпарат.
Біріншіден, кибер-гигиенаны сақтау бағытында төлемдерді растау үшін пайдаланылатын парольдерді, кодтарды немесе құпия деректерді ешқашан ешкімге хабарламаңыз. Қауіпсіздіктің заманауи жүйелері басқа адамдарға парольдер мен кодтар берілмейтіндей етіп жасалады.
Екіншіден, URL-адресті тексеріңіз. Әсіресе, таныс емес жөнелтушілерден алынған сілтемелерді тексеріп қараңыз. Қаскүнемдер жазылуы бойынша ұқсас домендерді жиі пайдаланады.
Үшіншіден, құпия ақпарат енгізуді талап ететін, яғни парольді енгізу талап етілетін сайттарда HTTPS: // префиксінің болуын тексеріңіз.
Төртіншіден, заманауи браузерлердің көпшілігінде фишингтің жаппай шабуылына қарсы тұрудың ендірілген тетіктері бар. Қауіптер туралы браузердің хабарламаларына назар аудару керек.
Бесіншіден, егер ұйымдардың сайты немесе парақшасы күмән тудырса, сол ұйыммен байланысыңыз және өз банкіңіздің интернет-банкинг жүйесінде төлем жасағыңыз келсе, ақпаратты нақтылап алыңыз.
«Бұл тұрғыда банкке қоңырау шалып, ақпаратты нақтылап алған жөн. Есіңізде болсын, банк менеджерлері алдымен клиентке қоңырау шалмайды. Сондықтан сізге қоңырау шалып, сіздің шотыңыздағы түсініксіз транзакцияларды бұғаттау үшін SMS арқылы келіп түскен кодты сұраса, телефонмен сөйлесуді доғарып, сізге қызмет көрсететін банкке хабарласыңыз», - дейді мамандар.
Алтыншыдан, егер сіз күмәнді сайтта тіркелген болсаңыз, онда жеке деректеріңізді қорғау үшін электрондық поштаңызды өзгерту керек.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі коронавирус тақырыбын желеу еткен алаяқтардың жұмысы жанданғанын мәлім етті.