Шиелі және Арал аудандарында коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған 12 адам анықталды. Бұл жөнінде Қызылорда облыстық тауарлар, қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті х
абарлады.
Науқастардың 11-і Шиелі ауданында тіркелген. Ал 1 жағдай Арал ауданында анықталды. Барлығы да коронавирустық инфекция жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болған. Соған байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынамалар алынған. Зерттеу қорытындысымен олардан COVID-19 диагнозы нақтыланды.
«Қазіргі таңда науқастардың жағдайлары қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидзерттеу жұмыстары, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. 2020 жылдың 7 сәуіріндегі жағдай бойынша аймақта коронавирус инфекциясына шалдыққан 66 адам анықталды. Қызылорда қаласында – 9 жағдай тіркелсе, ол Жаңақорған ауданында – 16, Қармақшыда – 4, Шиеліде – 35 жағдай, Сырдария ауданында-1, Арал ауданында – 1 жағдай есепке алынған», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық тауарлар, қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті.