Арал. Аудандық орталық мешітте осыдан бір ай бұрын өңірлік имамдар мен молдалардың білімін жетілдіру мақсатында аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес оқыту семинары басталған болатын. Бір ай бойы «Нұр Мүбарак» Ислам мәдениеті университетінің магистранты Ақан Асанов және Сексеуіл кентінің имамы Алпамыс Ізбасқанов өңіріміздегі имамдар мен молдаларға Құран, Ақида, Фиқһ пәндерінен сабақ өтті.
Аудан әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, айлық семинар өз мәресіне жетіп, имамдар бір айда алған білімдерінің нәтижесін көрсетті. Осы кезге дейін алған сабақтарының қорытындысы ретінде дін өкілдері сынақ тапсырды. Нәтижесінде он тоғыз діни қызметкердің алтауы өте жақсы деген нәтижеге қол жеткізсе, сегізі жақсы деген бағаны көрсетті, ал, бесеуі қанағаттанарлық деген бағаны місе тұтты.