42 500 теңге алу үшін банктер арнайы есепшот ашуды талап ете алмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте айтылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Банктер 42 500 теңге алу үшін арнайы есепшот ашуды талап етіп жатқаны туралы сұрақ қойылды. Бұл – дұрыс емес. Бұл туралы қаржылық нарықты реттейтін агенттік барлық банктерге нұсқаулық беріп, талап қойды. 42 500 теңге алу үшін арнайы есепшот ашудың қажеті жоқ, ақша кез келген карточкалық есепшотыңызға аударылады және түскен ақшадан қарызды өтеуге, несие жабуға ақша ұсталмайды. Олай етуге банктердің құқығы жоқ», - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Ол жеке кәсіпкер жалдамалы жұмысшылары болмаса, өзі үшін өтініш бере алатынын айтты.
«Жеке кәсіпкер өзі үшін де 42 500 теңге алуға өтініш бере алады. Мысалы, ЖШС-ның басшысы - сол ұйымның қызметкері. Сондықтан ол заңды тұлға ретінде өтініш бере алмағанымен, ЖШС жұмысшысы ретінде өтініш бере алады», - дейді ол.