Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ҚР Кәсіподақтар Федерациясы бастауымен жүргізіліп жатқан еңбек адамына рахмет айту челленджін Қостанай облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінен қабыл алып, энергетика саласының мамандарына ризашылықтарын білдірді.
Себебі, елдегі төтенше жағдайға байланысты көптеген жұмыскерлер мүмкіндігінше онлайн режимде үйлерінде жұмыс жасауда.Бұл ретте күнделікті қызметін мүлтіксіз орындаушылардың бірі – энергетика саласы жұмыскерлері, олар қазір әрбір үйге жарық пен жылу жеткізуде. Үйдегі жағдайда интернет желісімен, технологиялық құралдармен жүйелі жұмыс жасауға қажетті қуатпен қамтамасыз етіп отырған мекемелердің үздіксіз жұмысы алғысқа лайық. Төтенше жағдай режимінде «Қызылордаэлектржылу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі, «Энергосервис» серіктестігінде, жалпы осы салаға қатысты аймақтың 5 кәсіпорнында 2 мыңнан астам жұмыскерлер күні-түні жұмыс атқаруда.