Қызылорда облысы аудандарында "Мектепке жол" акциясы белсенді жүргізіліп жатыр.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауданы орталығы Тереңөзек кентіндегі №35 мектеп-лицейде «Мектепке жол» акциясы өтті.
Акцияға арнайы келген «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп оқушыларына қуаныш сыйлады. Қайырымдылық акциясында «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының жұртшылықпен байланысты жүргізу бөлімінің бас маманы Ақтолқын Сұлтангереева мектеп оқушыларын жаңа оқу жылымен құттықтап, әрқайсысына кітап, дәптер салатын сөмке мен жазу-сызуға қажетті оқу құралдарын тапсырды.
Сонымен қатар, Жаңақорған ауданында да «Мектепке жол» акциясы жалғасын тапты. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған және жетім жеткіншектермен көп балалы жанұялардан шыққан 90 балаға мектеп формасы мен оқу-құралдары үлестірілді. Жергілікті жомарт кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар тарапынан жиналған қаржыны аудандық білім бөлімі үйлестіріп осындай кең ауқымды акция ретінде өткізді. Ал 10 балаға «КазПром» мекемесі қаржылай сыйақы берді, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.